378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арқалық қаласын дамытуға 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінбек

  • 149
  • UPD: 23:43, 01.04.2019

Қостанай облысындағы Арқалық қаласы тұрғындарының саны жылдан жылға артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – шағын шаһар тірлігінің түзеліп келе жатқандығының дәлелі. Биыл қаланың әлеуметтік жағдайын жақсартуға 2 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ. Бұл қаражат жолдарды жөндеп, елді мекендерге ауызсу тартуға бөлініп отыр.

Мағауия Қалиев, тілші:

– Арқалық қаласының болашағына күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Оған себеп – қаланың негізгі табыс көзі боксит қорының таусылуға тақағандығы. Білетіндердің айтуынша, минералды шикізат әрі кетсе он шақты жылға жетеді.

Қаланы жылыту үшін қымбат отын - мазут жағатындығы да қазынаға ауыр салмақ салып тұр. Сол шығынды өтеу үшін мемлекет жыл сайын Арқалыққа миллиард теңгеге жуық дотация бөледі. 

Жәнібек Ғапбасұлы, Арқалық қаласының тұрғыны:

– Мысалы қалада сол уақытында, қазақ тойсыз күн кешкен бе, той болатын болса, тойды мектептердің спорт залдарында, мекемелердің ішінде өткізсе, бүгінгі таңда қаланың өз басында 10-ға жуық мейрамхана бар.

Арқалықты контрасты қала десе болады. Бір жағында өткен тоқырау жылдарының елесіндей, мынандай есік терезесі үңірейіп, қираған үйлер, ал бір жағында жарқын болашақтың белесіндей жаңадан тұрғызылған ғимараттар. Соңғы үш-төрт жылда Арқалықта он шақты үй қалпына келтіріліп, қайтадан тұрғызылды.

Мынау 5 қабатты үй 20 жыл бойы қаңырап, бос тұрған. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ескі үй жаңа кейіпке енеді. Мұндағы 115 пәтер көп балалы отбасыларға, медициналық қызметкерлер мен кезекте тұрғандарға бөлінеді. Өткен жылы Арқалықта заманауи медициналық орталық ашылғандығын да айта кеткен жөн.

Әсет Әбішев, медициналық орталық дәрігері:

– Арқалық қаласынан бөлек, 300 шақырым жерде жатқан Торғайдан, Ақмола облысына жататын Державинсктен келіп жатқан кісілер бар. Аз емес. Ол жерде жоқ мамандар осы жерде табылғаннан кейін келіп жатыр.

Арқалық-Шұбаркөл теміржол желісінің ашылуы, ет комбинаты сияқты өндіріс орындарының іске қосылуы, жаңа бизнес нысандарының пайда болуы қаланың дамуына оң септігін тигізгені анық. Арқалықтың бір өзінде ғана жиһаз жасайтын 5-6 цех бар. Ал әлеуметтік саланың әлеуетін көтеруге биыл да қомақты қаржы бөлініп отыр.

Индира Хамзина, Арқалық қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі:

–Биыл Арқалық қаласын абаттандыруға 2 млрд жуық қаражат бөлінді. Оның басым бөлігі Дачный кенті мен Восточный ауылының су құбырлары жүйесін жөндеуге, сондай-ақ Арқалық қаласының жолдарын жөндеуге 527 миллионға жуық ақша бөлінді.

Арқалықты дамытуға республикалық трансфертпен, облыстық бюджеттен биыл 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы