378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада жалғызбасты және көп балалы аналар кәсіпкер атана алады

  • 176
  • UPD: 23:43, 07.06.2019

Елорда әкімдігі тарапынан оларға бастапқыда тегін орындар ұсынылып, сауда-саттық жасайтын тауарлары да жеткізіліп беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан бері 12 ана осындай көмекке ие болды.

Бар болғаны тоңазытқыш, күн сәулесін қалқалайтын шатыр және балмұздақ. Оның өзі арнайы зауытта жасалып, дайын өнім ретінде жеткізіледі. Жеке кәсіпкер Гүлнұр Жалғасованың балмұздақ саудасын бастағаны жақында ғана. Таңғы 10-нан бастап кешке дейін осы жерде кәсібін дөңгелетіп отыр. Жалғызбасты ананың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Өйткені ай сайынғы табысы 250 мың теңгеге дейін жетеді. Екі баласының несібесі болса керек, дүкен иесі Гүлнұрдан жалдамалы ақы да талап етпейді.

Гүлнұр Жалғасова, жеке кәсіпкер:

- Бұл кісі өзі хабарласты, келіңіз жұмыс істеңіз деп. Қазіргі таңда өзім ЖСБ-тан шот ашып, ақша жинап жатырмын. Ай сайын 35 мың теңге құйып тұрамын. Алла жазса, өзім қысқа дейін алам ба деп болжам жатырмын.

Биыл қала бойынша жалғызбасты және көп балалы 12 ананың кәсіп бастауына қолғабыс жасалды. Гүлмира Салыбаева қол қусырып қарап отырмай, көкөніс пен жеміс-жидек сатуға көшкен. Жергілікті билік бизнес құрылымдарымен бірлесіп, сауда жасайтын дүңгіршек орнатып, алғашқы тауарларын да жеткізіп берді. Яғни ол атаулы әлеуметтік көмектен басқа қосымша табыс та тауып отыр.

Гүлмира Салыбаева, жеке кәсіпкер: 

- Мен бұлай болады деп ойламадым. Артығымен берді. Жарық жалғап берді. Бәрін істеп берді. Рақмет үлкен. Әкімдіктен сіңлім барып сұраған еді. Бізге жатақхана берді. Екі бөлмелі, сіңлімде 6 бала, менде – 4. Бір үйде 12 адам тұрамыз. Жұмысқа екеуміз ауысып шығамыз.

«Бұл – жағдайы нашар жалғызбасты аналарға көрсетіліп отырған қолдау», – дейді әкімдік өкілдері. Себебі, қала бойынша мұндай көмекті қажет ететіндер аз емес.

Эльвира Жүргенбаева, қала әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Кәсіпкерлер өте белсенді болып жатыр. Олар әр ауданға келіп, мүмкіндіктерін айтып, ақшалай болсын, азық-түлік күйінде болсын, орын беру арқылы осындай көмектерін беріп жатыр. Ал біз өз тарапымыздан павильон қойып беріп жатырмыз. Кейіннен, әрине, бұл кісілер аяққа тұрған соң, арендасын төлейміз деп отыр.

Айта кетейік, қазір әкімдік жұмыссыз жүрген жандарға 250 мың теңгеге дейін грант береді. Сөйтіп жеке іс бастауына алғашқы капитал ұсынады. Сондай-ақ көп балалы аналарға сауда немесе өзге де кәсіппен айналысуға қажетті орындар аукционсыз беріледі.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы