384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астананы қаптаған масалар тұрғындардың мазасын кетірді

  • 122
  • UPD: 22:36, 09.07.2019

Астаналықтар мен шаһар қонақтары көшеде масаның көбейгендігіне шағымдануда. Қансорғыштардың кесірінен бала-шағамен серуендеуден қалған тұрғындар әлеуметтік желіде өз уәжін айтып, жазбалар жарялауда.

Масаның көбеюіне не себеп болды? Әкімдіктегілер не дейді?

Еліміздің бас қаласының тұрғындары «балаларымызбен кешке серуендеуден» қалдық дейді. Себебі кешқұрым қалада маса қаптап, мазаны қашырады. «Демалыстың шырқын бұзған қансорғыштар биыл ерекше көп» дейді олар. Сондықтан тек күндіз серуендеуді жөн көріпті.

БЛИЦ

- Паркке күндіз келдік әдейі. Өйткені кешке қарай паркте жүру қолайсыз. Маса көп.

- Мына жерім, мына жерімді шағып тастады маса. Анамызбен қыдыруға келгенбіз. Масалар өте көп.

- Шаққан жерді ісіріп жібереді. Аллергия болады.

- Маса терезені ашсақ кіреді. Жел болғанның өзінде күн суық болса да жүре береді.

Ал қаланың шет аудандарында тұратындар масаны улау жұмыстарының сапасына көңілі толмай отыр. Себебі, қансорғыштар қаптап кеткен.

БЛИЦ

- Мысалы, «Көктал» ауданында адам жүруге мүмкіндік жоқ. Мен өзім «Жағалауда» тұрамын. Маса деген кешке жақын түтіп кетеді. Масаны улап жатырмыз, жоғалтып жатырмыз дейді. Білмеймін соның неге әсер етпейтіндігін. Кейде өтірік істейді ғой. Бес дозаны шашу керек болса, бір жарым дозаны шашады да сонымен жоқ болады. 

Қалалық тауарлар мен қызмет сапасын бақылау департаменті өкілдері қансорғыштардың көбеюін ауа райымен байланыстырады. Олардың айтуынша, шашылған препараттар жауынмен шайылып кетеді. Дегенмен, алдағы күндері күн ыстық болатындықтан, қазір шыбын-шіркеймен күрес белсенді жүріп жатыр. «Бірнеше кезеңнен тұратын дезинсекциялауда, алдымен шөп қырқылып, кейін қоспалар шашылады. Сондықтан терезенің алдынан генератордың дауысын естігенде таңғалмаңыз» дейді департаменттегілер.

Сәдуақас Байғабылов, қалалық тауарлар мен  қызмет сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

- Сәуір айында басталған масаны кезең-кезеңімен улау жұмыстары 6 турға бөлінген. Қазіргі уақытта үшінші туры өтіп жатыр. Енді 20 күннен кейін ашық жерлер мен шағын су қоймаларындағы масаларды улауға бағытталған төртінші туры басталады. Бейсенбі, жұмаға қарай маса азаяды. Қолданылатын дәрі-дәрмектердің барлығы мемлекеттік сараптамадан өткен.

Осылай деп есеп берген әкімшіліктегілер биылға жоспарланған жұмыстардың жетпіс пайызын орындап қойдық деп отыр. Ал нәтиже көпшіліктің көңілін шықпады. Бір қызығы, масалармен күреске қала қазынасынан биыл 170 млн теңге бөлініпті.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Марат Диханбаев, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы