386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің керегі мол – сарапшылар

  • 186
  • UPD: 20:06, 19.07.2019

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің керегі мол. Президент пәрменімен құрылған бұл пікір алаңына қатысты сарапшылар осылай дейді.

Алайда оның ел өміріне әсерін шын мәнісінде арттыру үшін тың көзқарас қажеттігін айтады. Бұған қоса, мемлекеттік бағдарламалардың сапасын сын тезіне алуды ұсынуда.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі елімізде бұрын-соңды болмаған орган емес. 2000 жылдарда осыған ұқсас пікір алаңы құрылып, ел дамуы үшін маңызды мәселелерді талқылады. Енді міне, билік пен бұқара бас қосып, келісіп-кеңесетін тағы бір кезең туды. Сарапшылар да осы сәтті тағатсыздана күтіп отыр. «Себебі қоғамды алаңдатқан көптеген мәселеге тың көзқарас керек», - дейді олар.

Ләззат Нұрқатова, БҰҰ балалар қоры әлеуметтік жұмыс бойынша ұлттық ресурстар орталығының директоры:

– Бұл – бірлесіп жұмыс істеудің жаңа үлгісі. Тараптар бір-бірінің пікіріне құлақ асып, қордаланған мәселелерге назар аудара алады. Бірінші кезекте – әлеуметтік сала. Оның ішінде, әсіресе атаулы әлеуметтік көмек беру жайына ерекше көңіл бөлу керек. Сондықтан кәсіби түрде білікті әрі технологияларды жетік меңгерген азаматтарға зор сенім артып отырмыз.

Кеңестің алғашқы отырысы тамыз айының орта шенінде өтуі тиіс. Әзірге күн тәртібі бекітіліп жатыр. Сондықтан қандай мәселелердің бірінші кезекте талқыланатынын дөп басып айту қиын. Десе де, қоғам белсенділері ең алдымен мемлекеттік бағдарламалардың сапасын сын тезіне алу керектігін алға тартып отыр.

Гүлнәр Қуанышқызы, жеке агенттіктер қауымдастығының директоры:

– Үкімет пен Парламент қабылдаған бағдарламаларды тереңінен талқылау қажет. Ұлттық кеңес мүшелері осы ауқымды жобалардың қаншалықты тиімді жүзеге асып жатқанын қадағалауға міндетті. Яғни түпкілікті мақсат-мүддесіне жеткен-жетпегенін зерделейді. Менің ойымша, кеңес қоғамдағы мәселелерге басқаша қырынан қарау керек. Егер келешекте оның құрамы жаңартылып, толығып отырса, тиімділігі арта түседі. 

Қалай болғанда да, ұлттық кеңес азаматтық қоғамды алға жетелеуі қажет. Пікірлерді бір алаңда тоғыстырып қана қоймай, ортақ келісімге келуге жол ашуы тиіс. Ал келісім болған жерде, бірлік пен ынтымақ салтанат құрары сөзсіз.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Наурыз Базаров, Ермек Кемшімбек

Хабар 24 телеарнасы