385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Доссор кентінің тұрғындары газ құю станциясының салынуына қарсы

  • 161
  • UPD: 17:51, 27.07.2019

Атырау облысындағы Доссор кентінің тұрғындары халық көп шоғырланатын орталық маңында газ құю станциясының салынуына қарсы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аудандық және Доссор кентінің әкімдіктеріне сұрау салғанымен, олар барлық жұмыс заңды деп жауап берген. Құзырлы органдардың табалдырығын тоздырумен амалы таусылған ауыл тұрғындары арна тілшілеріне хабарласқан болатын.

Бекен Әлирахым, тілші:

-Алақандай ғана Доссор ауылында ондаған жанар-жағармай және автогаз құю бекеті бар. Олардың барлығы да ауыл сыртына орналасқан. Ал халық өте көп шоғырланатын және орталыққа салынып жатқан мына газ құю бекетінің салынуына тұрғындар қарсы.

Ғазиз Ғабдуллин, Доссор кентінің тұрғыны:

- Осы айналада тұрғын үй бар, одан басқа тойхана бар, зейнетақы қорының ғимараттары тұр, базар тұр, кенттік әкімдік тұр, мәдениет үйі тұр. Осы жерде бүгіннің өзінде мыңдаған адамдар жүр. Ал мерекке күндері 3-4 мың адам жүреді.

Ауыл белсенділерінің қолында бұл нысанның заңсыз екендігі жөніндегі барлық құжаттар бар. Бірақ Доссор кентінің әкімшілігі болса, «мұндағы жұмыс заң талаптарына сай жүргізіліп жатыр» дейді.

Асылбек Әбілғазиев, Доссор кенті әкімінің міндетін атқарушы:

-Бұл жанар-жағармай және автогаз құю бекеті «Промгаз» ЖШС қазіргі таңда құрылыс жүргізіп жатыр. Бұл барлық заң талаптарына сай, арнайы санитарлық қоршау аймақтарына ешқандай нысан кірмейді. Қасында тұрған жеке тұрғын үйден 6 сотық жерді мекеме өздері сатып алған. Санитарлық нормаға, заң талаптарына сай жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Расында да, газ құю бекеті нағыз орталыққа салынған. Мұнда әкімшілік және мәдени-көпшілік нысандар да, тұрғын үйлер де тығыз орналасқан. Тұрғындар да «күні ертең қауіпті жағдай болмайтынына кім кепілдік береді», - деп отыр.

Әбдішүкір Досбосынов, Доссор кентінің тұрғыны:

- Егер де жаңағыдай жағдай болатын болса, біз немелерімізден, балаларымыздан айырылып қалмаймыз ба?! Сондықтан осы ауыл арасына газ құю бекетінің салынуына қарсымын және сол жана-жағармай құю бекетінің иісі адамның денсаулығына зиян. Бұрын қан қысымым жоқ еді, қазір 150-160.

Бұл жағдайға қатысты Доссор кентінің әкімдігі өз жауаптарын берді. Ал көпшілік «мәселе шешілмейтін болса, облыстық, республикалық деңгейдегі құзырлы органдарға шағымданамыз» деп отыр.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы