389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент балаларға қатысты қастандық жасағандардың жазасын қатаңдатуды тапсырды

  • 269
  • UPD: 09:44, 04.09.2019

Ауыр қылмыстың жазасы да қатаң болуы тиіс.

Әсіресе, балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасағандарды кешіруге болмайды. Жұмыс барысында осындай оқиғалармен бетпе-бет келетін ішкі істер саласы қызметкерлерінің пікірі осындай. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында балаларға қатысты қастандық жасағандардың жазасын қатаңдатуды тапсырған болатын.

Қасақана ауыр қылмыс жасап, адамшылықтан кеткендерге аяушылық болмауы тиіс. Әсіресе балалар мен әйелдерге жасалған қастандық және зорлық-зомбылық ешқандай ақтауға жатпайды. Сондықтан да оның жазасы мейлінше қатал болуы қажет. Ақтөбелік ішкі істер саласының ардагері Қуанышбай Ысқақов осылай деп есептейді. Оның пікірінше, есірткі саудасымен айналысушыларға да аяушылық болмағаны жөн.

Қуанышбай Ысқақов, Ішкі істер саласының ардагері:

– Жасөспірімдерді, соның ішінде балаларды зорлау жөніндегі жаза қалай болғанда да қатал болуы керек. Егер қылмыс дәлелденсе, ондай альтернатива болмағаны дұрыс деймін.

«Соңғы жылдары балалар арасындағы қылмыс, әлімжеттік, бала құқығының тапталуы, зорлық-зомбылық сияқты қылмыс түрлері асқынып тұр», - дейді жұмысы тікелей осындай оқиғалармен байланысты Түркістан облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы басшысының орынбасары, полиция капитаны Мәлік Қайбар. Оның айтуынша, жазаны қатаңдатпай, мәселе шешілмейді.

Мәлік Қайбар, облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы басшысының орынбасары:

– Біз Түркістан облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері ҚР Президентінің жолдауын толығымен қолдаймыз. Жасөспірімдерге қарсы сексуалдық зорлық-зомбылық қылмысын жасаған күдіктілердің жазасын қатаңдатқан жағдайда осы саладағы қылмыстар азаяды деп ойлаймыз.

Аталған заңсыздықтар мен жеке басқа қатысты жасалатын өзге де қылмыстарға жаза тағайындауды қатаң ету туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында айтқан болатын. Мемлекет басшысы бұл тұрғыда Үкімет пен Парламентке тапсырма берді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы