389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия қарттарға қандай құрмет көрсетіп жатыр

  • 576
  • UPD: 14:10, 01.10.2019

Түркияда биыл – Қарттар жылы.

Режеп Тайып Ердоған 2019 жылды Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында Қарттар жылы деп жариялаған болатын. Осыған байланысты ел көлемінде қарттар саясатын жетілдіру бойынша іргелі жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ «Белсенді ұзақ өмір сүру», «Қамқорлық экономикасы», «Қарттарға қызмет көрсету және өмір сүру сапасын арттыру», «Қартаю экономикасы», «Қарттардың құқығы» мен «Қарттарға ыңғайлы қала» сынды жаңа қызметтер іске қосылды.

Түркияда 82 млн халық болса, оның 7,5 миллионы – қарттар. Елде 500-ден астам мемлекеттік қарттар үйі мен орталық бар. Онда шамамен 40 мыңға жуық егде адам тұрып жатыр. Бұған қоса жекеменшік ардагерлер үйлері мен орталықтар бар. Бұл мекемелер қарттарға әлеуметтік, медициналық, психологиялық және күтім қызметтерін көрсетеді. Тіпті, өтініш білдірген егде адамдардың үйлеріне айына бір рет тазалық жүргізіп, мамандар техникаларын жөндеп береді. 

Эмрах Жежели, Анкара муниципалитетінің қарттарға қызмет көрсету орталығы директоры:

– Анкарада өмір сүретін 60 мыңнан астам қариялардың тұрмыстық жағдайларын жақсарту үшін қызмет көрсетеміз. Соның ішінде 40 мыңнан астам үйге тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ 5 мыңнан астам азаматымызға медициналық көмек көрсетіледі. 3 мыңға жуық қартқа психологиялық жәрдем береміз. Бұдан бөлек, 2 мыңнан астам адамның үйіне түрлі деңгейде жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Майзер Эминоглы, қала тұрғыны:

– Айына бір рет үйіме тазалық қызметкерлері келіп тұрады. Мен сияқты үй жұмыстарына жарамсыз қарттарға бұл үлкен көмек. Күтім және басқа әлеуметтік қызметтерден бас тарттым. Өйткені, келініммен бірге тұрамын. Сосын зейнетақым бар.

Жергілікті әкімшілікке қарасты орталықтар 1994 жылы жұмысын бастады. Бұл мекемелерде қариялардың бос уақыттарын тиімді өткізу үшін әртүрлі іс шаралар ұйымдастырылады. 65 жастан асқан азаматтарға қоғамдық көліктерде жүру тегін және мұражайларда ақысыз қызмет көрсетіледі.

Ахмет Зенгин, қала тұрғыны:

– Осыдан 10 жыл бұрын қоғамдық көліктерде ақысыз жүру құқығына ие болдым. Бұл куәлік менімен өмірімнің соңына дейін болады. Кейде бос болған уақытта қаланы аралап, туристік жерлерге баруға ыңғайлы.

Жыл сайын күндізгі уақытта күтім көрсететін орталықтардың саны артып келеді. Биыл қарттар жылы аясында Қарттарды күту және үйлестіру орталығы іске қосылды. Егде адамдардың үйлеріне арнайы құрылғылар орнатылған. Олар бір түймешік арқылы жедел жәрдем, үйге қызмет секілді бірқатар көмектерді ала алады. Тіпті, өртке, газ иісіне қарсы қондырғылар мен қан қысымын өлшейтін аппараттар орнатылған.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы