425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Экологтар Қазақстандағы радиоактивті қалдықтарды кәдеге жарату мәселесіне алаңдаулы

  • 1600
  • UPD: 15:23, 11.11.2019

Экологтар Қазақстандағы радиоактивті қалдықтарды кәдеге жарату проблемасына алаңдаулы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елімізде 170-тен 200 млн текше метрге дейін қауіпті қоқыс жиналды. «Қалдықтар елдің жалпы радиациялық жағдайына қолайсыз әсер етіп, халықтың денсаулығына қауіп төндіреді», - деп санайды мамандар. Қадағалау органдары не дейді? Мәселе қалай шешімін таппақ?

Радиациялық қауіпсіздік мәселесімен Марғұлан Хамиев көп жылдан бері айналысып келеді. Қазақстан үшін радиоактивті қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі әрдайым өзекті. Елде 2 ядролық полигон жұмыс істеді. Семей қаласында 468 жарылыс, ал Батыс Қазақстан облысындағы Капустин Яр полигонында 40 жарылыс тіркелді. Сонымен қатар экологтың айтуынша, бұрынғы уран кен орындары да радиация көзі болып табылады.

Марғұлан Хамиев, эколог:

118 карьер мен кеніш, оның жанында 237 млн тонна радиоактивті қалдық жатыр. Сіз бен біз мұнымен тыныстаймыз. Бұған қоса, ұңғыма мұнайшылары бұрғыланған жерде пульпа бар. Ол қызып кетпес үшін қажет. Бұл пульпаның да зияны бар, оның радиактивтілігі 1-ден 6 мың микрорентгенді құрайды.

Экологтар көптеген мұнай компанияларының пайдалану барысында радиоактивті болып кеткен құбырлар көзін жоймайтынын айтады. Оларды тек жинап қоятын көрінеді. «Сонымен қатар елде ядролық қалдықтарды қадағалауға қатысты құқықтық құжаттың жоқтығы да себеп», - дейді. Дегенмен, қадағалау органдары елдегі радиоактивті ластану ауқымының қанша екенін дөп басып айта алмады. Ал Энергетика министрлігі елде иесіз радиоактивті қалдықтардың жоқ екеніне сендірді. Осыдан 10 жыл бұрын 3 қалдық қоймасы мен 13 уран кеніші қайта өңделіп, осы мақсатқа 4 млрд теңге жұмсалған.

Алиса Әбішева, ядролық және радиациялық қауіпсіздік басқармасының қызметкері:

- Бұл жұмыстар 2010 жылы аяқталды. Енді әкімдіктер мониторинг жүргізуі керек. Бұл дегеніміз, жыл сайын көктемде бұрынғы уран учаскелерін өңдеп отырады. Қандай да бір іс-шараларды жергілікті атқарушы органдар жүргізуі тиіс.

Алиса Әбішеваның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар өз міндеттемелерін толық орындай бермейді. Көбінесе мәселені қаржыландырудың жеткіліксіздігімен байланыстыратын көрінеді. Ал радиация өздігінен жоқ болып кетпейді, қордаланып қала береді. Осылайша, жылдар бойы шешімі табылмай келе жатқан мәселе қайтадан экологиялық қауіпке айналуы мүмкін.

Гүлзия Нақыпқызы, Гүлнәр Хасан

Хабар 24 телеарнасы