432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыңарын жоғалтқан аққу Ертісте қыстайтын болды

  • 754
  • UPD: 10:52, 24.12.2019
Сыңарын жоғалтқан аққу Ертісте қыстайтын болды

Жалғыз жүзген құсты павлодарлықтар бейнежазбаға түсіріп алған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz

Куәгерлердің айтуынша, ақ аққуды Ертістің Павлодардағы орталық жағалауына қарама-қарсы тұсындағы жылы ағыс ауданында байқаған.

Қала тұрғындары құстың қанатына зақым келгендіктен тобынан адасып, оңтүстікке қарай ұшып кете алмаған деп болжауда. Аққудың өміріне алаңдаған өңір жұртшылығы жергілікті орман шаруашылығы қызметкерлеріне көмек көрсетіп, оны құтқару операциясын ұйымдастыруды сұраған. Павлодарлық орман шаруашылығы қызметкерлерінің айтуынша, олар Ертіс өзенінің сол жағалауына қоныстанған аққуды бір ай бойы бақылап отыр. Алаңдаулы павлодарлықтардың қоңырауларынан кейін орманшылар аққу жүзген орынға қайта шықты.

«Біз құс қоныстанған жерге бардық, бірақ оны екінші күні ғана таптық. Бұл – сыбырлауық аққу. Оны ұстамақ болғанда, ол өзіне жақындатпады. Сол арқылы өз аумағын қорғады. Құстың түріне қарасақ, ауырғанға, жарақаттанғанға ұқсамайды. Оның жүзетін, ұя салатын жерін көрдік. Ол жерде бір айға жуық уақыт тұрғанына қарағанда, оның азығы жеткілікті және ол сол жерде қыстап кетуі мүмкін», – дейді Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің аңшылық маманы Талант Шәкіров.

Орманшылардың айтуынша, аққу сыңарын жоғалтқандықтан оңтүстікке қарай ұшып кете алмаған.

«Аққу – жұбымен жүретін құс. Бұл аққудың сыңары осында өлгенге ұқсайды. Ал ол жалғыз ұшып кеткісі келмеген. Көктемді күтеміз. Егер бәрі жақсы болса, өзіне сыңар табады деп үміттенеміз», – деді Талант Шәкіров

Өзеннің аққу қонған бөлігі қыс бойы қатпайды. Алайда, браконьерлер мен жыртқыштар тарапынан қауіп бар. Бірақ жергілікті орманшылар құсты бақылауға уәде берді.

«Қазір аққу құтқаруды қажет етпейді» , – деп атап өтті Талант Шәкіров.

«Егер ол адамдарға үйренсе, онда жағдай асқынуы мүмкін. Құстың табиғи ортада өмір сүргені жақсы. Ол қонған Ертістің бір бөлігі қыста қатып қалмайды. Аққудың балдырлармен және балықпен тамақтануға мүмкіндігі бар. Біз оны қадағалайтын боламыз», – деді ол.

Айта кетейік, қыркүйек айының соңында жергілікті орманшылар аққудың балапандарын, тұмсық құс пен қызыл кітапқа енген дала қыранын құтқарды. Құтқарылған құстар Семей облыстық балалар биологиялық орталығына жеткізілді.

Хабар 24 телеарнасы