375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өткен жылы ШҚО-да қандай шаруалар атқарылды

  • 118
  • UPD: 10:08, 05.01.2020

Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында атқарылған ауқымды шаруа көп, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Көп балалы отбасылар баспанамен қамтылып, шалғай ауылдарға сапалы ауызсу тарту жүйелі атқарылуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Алматы-Өскемен, Омбы-Майқапшағай тас жолдары қайта жаңғыртылудан өтіп жатыр, бұл аудан экономикасына қомақты инвестиция әкелді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тауып, ел еңсесін көтеруге бағытталған әлеуметтік жобалар жүзеге аса береді.

Жарма ауданындағы ауызсудан тарығып отырған елді мекендер саны жыл сайын азайып келеді. Өткен жылы Қаратөбедегі осы мәселені шешуге 220 миллион теңге бөлініп, тұрғындар сапалы тіршілік нәрімен қамтылды. Биыл Қапай батыр және Кіші Қарасу ауылдарында су құбырының құрылысы басталмақ. Ал 9 жолдың торабында орналасқан аудан үшін жол құрылысының маңызы ерекше. Жыл соңына дейін Қалбатау-Майқапшағай бағытындағы 415 шақырым тас жолдың едәуір бөлігі пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Қанат Дырынбаев, жол салу мекемесінің директоры:

– Жолда жаңадан құрылған стандарттарға байланысты демалу алаңдары қарастырылған. Жаңадан тапсырма келді, жылы әжетханалар орналастыру, сервистік қызметтер көрсету алаңдарының құрылыстары бар. Жобаның жұмыс істеу мерзімі негізінен 2022 жылға дейін, бірақ мерзімінен бұрын бітіруге тапсырма бар. Сонымен қатар мерзім қысқарғанмен, ол жұмыс сапасына ешқандай әсерін тигізбеуі керек. Сонымен берілген тапсырмаға байланысты мерзімінен бұрын бітіреміз деген ойдамыз.

Аудандағы шалғай ауылдардың әлеуметтік мәселелері басты назарда қала бермек. Мәдениет ошақтары, тұрғын үйлер, спорттық нысандар салуға көңіл бөлініп, жобалар дайындалған.

Ахметқали Нұрғожин, Жарма ауданының әкімі:

– Парыз қорынан 17 отбасына алып бердік, одан кейін 15 миллион 600 мың теңгеге өзіміздің аудандық бюджеттен 7 үй сатып алып бердік. Одан кейін 12 пәтерді Әуезов кентінде күрделі жөндеу жасап, көп балалы, әлеуметтік жағдайлары төмен, мүгедек отбасыларға бердік. Жарма ауданында көктемде жер жағдайына байланысты үйлердің көбі апатты болып қалады. Сондай үйлер де көп. Шар өңірінде қазір көп үйлер сұрап отыр. Соларға да сондай үйлер саламыз деп кәсіпкерлерді тартып, өз қаражатына салып берсе, одан біз мемлекеттік бюджеттен сатып алатын «Нұрлы жер» бағдарламасымен жұмыстар жасап жатырмыз.

Биыл 4 ауылдың көшелерін абаттандырып, жолдарын ретке келтіру жұмыстары да қолға алынбақ. Ол үшін облыстық бюджеттен 140 миллион теңге бөлінген.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы