445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қорықшыны өлтіргендер өмір бойына бас бостандығынан айырылды

  • 804
  • UPD: 16:12, 21.02.2020

Қарағандыда орман қорықшысы Ерлан Нұрғалиевті өлтіргендердің үшеуі өмір бойы бас бостандығынан айырылды.

Осылайша, Ахметов, Ақшанов пен Шүкілдіковке ең ауыр жаза кесілсе, топтың қалған төртеуі 6 жылға сотталды.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

Қорықшы Ерлан Нұрғалиевті өлтірді деп айыпталған Берік Ахметов, Қайрат Ақшанов және Нұрлан Шүкілдіков өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Ал заңсыз аң аулағаны үшін айыпталған 4 азамат 6 жылға сотталды. Олардың барлығына 5 жылға дейін аң аулауға тиым салынды. Сондай-ақ сотталушылар жәбірленуші тарапқа 1 милллион 850 мың теңге көлемінде материалдық және 5 миллион теңге моральдық шығын төлейді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 13 қаңтарында браконьерлермен болған жанжал кезінде Ерлан Нұрғалиев мерт болған еді. Кейін қылмыскерлер қолға түсіп, олардың көлігінен Қызыл кітапқа енген 17 ақбөкен мен қару-жарақ табылған болатын. Келтірілген шығын көлемі шамамен 89 миллион теңге. Енді сол ақшаны да айыпталушылар өтеуі тиіс.

Сәбит Қалиақасов, айыпталушы тараптың қорғаушысы:

- ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, яғни адамның денесіне ауыр жарақат келтіру, соның салдарынан адам қайтыс болып отыр. Осы бапқа аудару керек еді. Сот алдында сөз жарысына дейін біз ол жөнінде өз өтініш хатымызды бергенбіз. Бірақ біздің өтініш хатымызды сот мырза білмеймін, неге екенін ешқандай қанағаттандырусыз қалдырды. Бұл үкіммен біз келіспейміз. Біз енді екінші сатыдағы сотқа жүгінеміз.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

Ал сот үкімімен айыпталушы тараптың қорғаушылары келіспейді. Жаза тым ауыр болды деп отыр. «Бұл жерде қасақана кісі өлтіру бабын, абайсызда кісі өлтіру бабына ауыстыру керек еді», деп санайды олар. Енді 15 күн ішінде апелляциялық шағым түсірмек.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы