435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазалы тұрғындарын көпір мәселесі алаңдатып отыр

  • 199
  • UPD: 21:14, 03.03.2020

Олар көктем келсе, қуанбайды. Жер дүниені жібіткен шуақты мезгілде 15 мыңдай тұрғынды өткел мәселесі күрсінтіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы жыл сайын қайталанатын жағдай.

Талай сырды бүккен Сырдарияның сеңі сірессе, суы тасып, жолындағыны жайпап өтетіні бар. Мына Қарлан пантонында да бірнеше рет апатты жағдай болғанын жергілікті халық жарыса айтып берді.

Өткелбай Жолмырзаев, Жанкент ауылының тұрғыны:

– Мына Қарлан көпірі осыдан 4-5 жыл бұрын «МАЗ» көлігі жүкпен қайықты батырып, өзі де батып кетті, 1-2 айдай жол болмады. Өткен жылы көктемде сең жүріп жатқан кезде қайық екінші рет батты.

Өткен жылы аудан басшылығы қалқымалы көпірді жамап-жасқап, қайта жаңартып қойыпты. Бүгінде қоғамдық 7 автобуспен қатар, күніге ондаған жүк және жеңіл көлік арлы-берлі қатынайды.

Ислам Есбергенов, автобус жүргізушісі:

– Өздеріңіз де көріп тұрсыздар, бір тросқа байланып тұрған нәрсе. Сең тұр, қорқасың өтуге. Амал жоқ, өтесің.

80 мың тұрғыны бар Қазалы ауданының 60 процент егіндік жері де дарияның арғы бетінде. Көне Жанкент қалашығын қызықтаушы туристерге де дарияны осы жерден қиып өткен ыңғайлы.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Сырдарияда сең қозғалған сәтте, ұзындығы 50 метр болатын қалқымалы көпірді жағаға жинап қоюға тура келеді. Сол сәтте арғы беттегі 10 мыңға жуық халық 50 шақырым жолды айналып өтеді екен. Алайда сол жолдың сын көтермейтіні соншалық, кейде жол талғамайтын көліктердің өзі жарты жолда батып қалып жатады.

Жаппасбай Аязбаев, Тасарық ауылының тұрғыны:

– Науқастанып қалғанда қиын. Басықараның жолы жабайы жер.

Аудан үшін ғана емес, тұтас аймаққа әлеуметтік те, экономикалық та маңызы жоғары Қарлан учаскесіне темірбетон өткелін салатын уақыт жетті деген қазалылықтар жуырда облыс әкімімен кездесуде айтулы мәселені көтерген болатын. 

Қуанышбек Ысқақов, облыс әкімі:

– Жоба сметалық құжаттамасына қазір қаржы бөліп жатырмыз. Ертең наурыз айында бізде бюджетке нақтылау болады, сол кезде осы мәселені кіргіземіз. Жолын, көпірді салатын аумағын қазір анықтап жатыр. Менің білуімше, көпір салуға 15-18 гектар жерді дайындап жатыр.

Құнын есептеп, қаржы бөлдіруге қанша уақыт кететіні белгісіз. Ірі құрылыстың тағдыры республикалық бюджеттің қауқарына қарай шешілері анық. Ал үмітін үкілеген тұрғындардың қалқымалы көпірмен қалт-құлт еткен тірлігі әлі де біраз уақыт жалғасатын түрі бар.  

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы