420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Барлық өңірде кіріс жоспарлары артығымен орындалды – Ә.Смайылов

  • 296
  • UPD: 13:41, 10.03.2020
Барлық өңірде кіріс жоспарлары артығымен орындалды – Ә.Смайылов primeminister.kz

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов 2020 жылғы қаңтар-ақпандағы ҚР мемлекеттік бюджетінің орындалуы туралы баяндады.

Мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 97,3%-ға, олардың ішінде республикалық кірістер – 83%-ға, жергілікті бюджеттер – 145,3%-ға орындалды.

Ә.Смайыловтың айтуынша, республикалық бюджет кірістерінің толық орындалмауына сыртқы факторлар әсер етті.

Біріншіден, 2019 жылдың соңында ҚХР-да пайда болған коронавирус індетіне қатысты жағдай импортқа ҚҚС түсіміне кері әсер етуде.

Атап айтқанда, осы жылдың ақпан айында 2019 жылдың ақпанымен салыстырғанда Қытайдан келген импорт 11%-ға төмендеді, ал оның нақты көлемі 20%-ға төмендеді.

Соның салдарынан Қытайдан тауар импортынан кеден баждары мен салықтарының түсуі 12%-ға азайды.

Жалпы, осы жылдың 2 айында автокөлік санының 24%-ға және ҚХР-дан темір жол көлігінің 14%-ға төмендеуі байқалады.

Бұдан өзге, осы жылдың ақпан айында ЕАЭО елдерінен тауарларды импорттайтын автокөлік құралдары санының 20%-ға төмендеуі тіркелді.

Екіншіден, сыртқы нарықтарда бағаның төмендеуі.

«Мыс бағасының 6%-ға, алюминий бағасының 5%-ға, мырыш бағасының 10%-ға, қорғасынның 3%-ға төмендеуі корпоративтік табыс салығын төлеушілердің шамамен 50%-ның аванстық төлемдерді төлеуінің төмендеуіне әсер етті», – деп хабарлады Ә.Смайылов.

Бұдан өзге, екінші деңгейдегі 18 банк бойынша түсімдер 56%-дан астамға азайды.

Жалпы, сыртқы фактордың теріс әсеріне қарамастан 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ҚҚС бойынша өсу қарқынын 110,5%-ға қамтамасыз етуге қол жеткізілді.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 559 млрд теңгені құрап, 174 млрд теңгеге артығымен орындалғанын хабарлады. Барлық өңірлерде кіріс жоспары артығымен орындалды.

Мемлекеттік бюджет шығыстары 96,5%-ға, республикалық бюджет – 97,1%-ға, жергілікті бюджет 96,9%-ға орындалды.

Республикалық бюджет шығындары 2 трлн 102 млрд теңгені, жергілікті бюджет шығындары 721 млрд теңгені құрады.

Осы жылы республикалық бюджетте 1,5 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер қарастырылған. Есепті кезеңде өңірлерге 97,7 млрд теңге бөлінді. Жедел деректер бойынша 92,3% игерілді.

Есеп беру кезеңінде мемлекеттік аудит және камералдық бақылау бойынша 334 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 187 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. 44 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.

Мемлекеттік активтерді басқару бойынша 2020 жылға 68 нысанды іске асыру жоспарлануда. 34-і сатуға қойылды. Есепті кезеңде 3,2 млрд теңгеге 6 нысан сатылды. 28 нысан сауда-саттыққа шығарылды. 

Ә.Смайылов сыртқы факторларға байланысты қалыптасқан экономикалық жағдайларда мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.

Алдымен республикалық бюджеттің шығыстары оңтайландырылатын болады. Оңтайландыру бағыттары анықталған.

Біріншіден, бұл қымбат жиһаз бен көлік сатып алу, семинарлар, форумдар және басқа да имидждік іс-шаралар өткізу.

Аталған шығыстар бойынша алдын ала жұмыстар жүргізілді. Мемлекеттік органдардың, өңірлердің және квазисектор субъектілерінің қадамдық іс-қимылдарымен жол картасы бекітілді.

Екіншіден,ағымдағы жағдайлар үшін басым емес шығыстар, неғұрлым кейінге қалдыруға болатын жобалар мен іс-шаралар, сондай-ақ кейінге қалдыру шарттары бар, бюджетке енгізілгендерді қоса алғандағы жаңа жобалар.

Сонымен қатар барлық әлеуметтік міндеттердің толық орындалуы қамтамасыз етіледі.

Бұдан өзге, инфляция дәлізінің қайта қарастырылуын ескере отырып – зейнетақы, жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмектерді индексациялау бойынша шаралар қабылданады. 

Сондай-ақ, теңге бағамына байланысты бірқатар шығындарды индекстеу талап етіледі. Бұл үкіметтік борышқа қызмет көрсету, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, Қазақстан азаматтарын шетелде емдеу, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыту және т.б.

Үшіншіден, бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету аясындағы тағы бір бағыт – квазимемлекеттік сектор компанияларының дивидендтік саясатын қайта қарау.

Қорытындылай келе, Ә.Смайылов әрекет етудің барлық шараларын іске асыруды қамтамасыз ету үшін сәуір айында республикалық бюджетті нақтылау жобасын дайындау ұсынылғанын атап өтті.

Ақпарат көзі: ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы