413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда бірнеше үй тұрғындары ыстық сусыз күн кешуде

  • 310
  • UPD: 13:05, 28.03.2020

Ақтауда жаңадан салынған көпқабатты бес үйдің тұрғындары жуынуға ыстық су таппай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

150-ден астам пәтер иелері екі тәулік бойы қол жумақ түгілі дәретханаға қолданатын суды көлік жуу орталығынан тасыған. Аулада жарылған құбыр суы үй алдындағы автотұрақты алып кеткен. «Ылғал сіңген жер ойылып кете ме», деп тұрғындарда зәре жоқ.

«Ол жерге электр бағаналары тым жақын тұр. Енді күндіз-түні балаларға алаңдап отырмыз», - дейді олар.

Нұргүл Хасанова жаңа пәтерге екі жыл бұрын көшіп келіпті. Алғашында мәселе болмаған. Былтырдан бері бұл отбасы ыстық және ауыз суға жарымай отыр. Көршілері де осы күйде. «Дәрет алып, балаларды жуындыру үшін мұздай суды газға ысытуға тура келеді. Ол да шығын», - дейді ол.

Нұргүл Хасанова, қала тұрғыны:

Міне, мынау ішетін су. Ал мына жағы ыстық су. Міне, напоры жоқ, өзі қмұздай. Енді біз жуыну үшін мына жерден қайнатқан суды алып, үстіне ауыз судан құйып, қызымды шақырып аламын. Қолыма су құй деп, осылай жуынып отырмыз.

Тұрғындардың айтуларынша, осы баспананы көтерген мердігер құрылыс кезінде сапасыз құбырларды қолданған.

Асқар Бисенов, қала тұрғыны:

- Жеке пәтер кооперативінің бастығы Ықылас деген жігіт бар. Соларға сұраныс береміз. Келіп жасағандай болады. Жасағанмен де арты сол құбырлардың апатына келіп тіреліп тұр. Жылу жүйелерінің төлемақылары жүріп жатыр.

Тұрғындар бірнеше қайтара шалған қоңыраудан соң жеке пәтер кооперативінің бастығы ұялы телефонын өшіріп тастады. Бір түсінгеніміз, мердігер мекемеге қарасты ұйымға әр пәтер иесі айына 5 мың теңгеден бастап төлейді екен. Мұндағы бес үйде 150-ден астам пәтер бар. 30 күнде 800 мыңдай қаржы жиналары анық. Ал бұл қаражат қайда кетіп жатыр? Көптің көкейін тескен басты сұрақ осы.

Жаңа үйлердің инженерлік желілері су, жылу және кәріз құбырлары күтіміне жауапты мекемеге өтпеген. Десек те, шаһар билігіне қарайтын коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері құбыр жарылған күні  тұрғындардың шақыртуымен осында жетіпті.

Асқар Дүзмағанбетов, коммуналдық мекеменің бас инженері:

- Ақаудың ауыз суда екенін анықтап, суды жаптық. Сосын жауапкершілігі шектеулі серіктестікке хабарлама бердік, жұмыс істеуге алыңыз деп. Басқа құбырлардан да ақау шыққан. Қайтадан өшіртіп, ақау шыққан жерлерде жұмысын істетіп жатырмыз. Техникалық судан кезінде тұрғындар отказ бергендіктен, бұл жері бәрі ауыз суға байланысты. Жертөледе теплообменник арқылы өтеді, ауыз суды қыздырып, ыссы су қылып береді. Ауыз суздың негізгі қоры жарылған кезде ыссы су да тоқтап қалады.

Тоқ етерін айтсақ, 32б шағын ауданда «Ақ желкен» тұрғын үй кешенін тұрғызған серіктестікке көпшілік наразы. Өткен ақпанда пәтерлерге жылу дұрыс берілмегесін, қала әкімінің атына арыз жазылған. Мұнда комиссия бірнеше рет келіп тексеріпті. Алайда, мәселе әлі күнге шешілер емес.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы