425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында қымызға сұраныс артты

  • 500
  • UPD: 10:09, 14.07.2020

Бие сүтіне бұлай сұраныс артуын мамандар елдегі жағдаймен байланыстырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал дәрігерлер ұлттық сусынның адам ағзасы үшін пайдасы мол деген пікірде.

Түлкібас – Түркістан облысының табиғаты әсем жерлерінің бірі. Биік таулары, жасыл желегі мен таза ауасы бие байлап, қымыз баптауға таптырмас мекен. Сондықтан мұндағы қымыздың дәмі бөлек, емдік қасиеті ерек дейді мамандар. Оразбаевтар отбасы көп жылдан бері бие сүтін сатумен айналысады. Биыл саумал мен қымызға сұраныс екі есеге артты дейді олар.

Индира Оразбаева, Түлкібас ауданының тұрғыны:

– Демалушылар келіп, саумал ішіп жатады, күніне 5-6 бие сауамыз. 50 литрдей қымыз алып отырамыз. Қазір пандемия кезінде қымыз сұраныстағы сусын болып кетті. Ата-бабамыздан қалған мұра, қазақтар ет жеп, қымыз ішіп келген. Саумалды жақсы ішеді, сұраныс көп.

Қатерлі індеттің тарауына байланысты Түлкібас сауықтыру орталығына келушілер қатары да артыпты. Тау баурайында орналасқан орталықта тынығушылардың дені саумал мен қызым ішкенді құп көреді екен.

Нұржігіт Қалмырзаев, кәсіпкер:

– Шипажайдың жақсы жері бұл жерде таза ауа. Адамның ағзасына таза ауадан артық ештеңе керек емес екен шын мәнінде. Қымыз бен саумал иммунитетке жақсы. Осындай індет кезінде иммунитетті көтеру үшін саумал мен қымыз ішу керек.

Мұрат Ергебеков, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының маманы:

– 2019 жылы аудан бойынша 17 кәсіпкер жалпы сомасы 74 миллион теңгеге несие алған болатын. Соның арқасында әр кәсіпкер орта есеппен 9-10 биеден алып, қазір қымыз шаруашылығын дамытуда. Ал биыл жыл басынан бері 9 кәсіпкер «Игілік» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 62 миллион теңгеге қол жеткізіп, дәл осындай шаруашылық бойынша бие кәсібімен айналысып жатқан жөні бар.   

Қымыздың пайдасы мол екенін дәрігерлер де жиі айтады. Ұлттық сусын құрамында өкпені нығайтатын D дәруменіне қоса ағзаға қажетті 40 шақты биологиялық компонент кездеседі екен. Сұраныс болған сол болар, Түлкібас ауданында қымыз баптайтындар қатары жыл санап артып келеді. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Рауль Габитов, Самат Нагашбекулы

Хабар 24 телеарнасы