426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда спортты серік еткен бір топ талапкер гранттан қағылды

  • 210
  • UPD: 22:39, 20.08.2020

Әлемдік аренада ел мерейін асқақтатып жүрген спортшылар білім грантынан тыс қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бала жастан спортты серік етіп, болашағын бапкерлікпен байланыстырған талапкерлердің үміті неге желге ұшты? Бүгін бір топ ата-ана Қазақтың спорт және туризм академиясына жиналып, шағымдарын жеткізді.

Қазақтың спорт және туризм академиясы елімізде спорт саласының мамандарын жан-жақты даярлайтын бірегей оқу орны. Дәл осы шаңырақтан талай олимпиада және әлем чемпиондары шыққаны жылнамада жазулы тұр. Даңқты спортшылардың жолын қусам дейтін жас таланттардың да академия табалдырығын аттағысы келетіні анық. Бірақ талабына жете алмай, тауы шағылған жастар қаншама?

Шыңғыс Серіков, талапкер:

– Спорт – бала кезімнен қасымда келе жатқан серігім. Бар ойлайтыным, күрес. Сөйтіп, үлкен ареналарда қазақтың даңқын көтерсем деген ой болды. Үлкен армандар болды. Осы спорт жайында. Бірақ түсе алмай қалдым.  

Дзюдо мен қазақша күрестен ел чемпионы  Шыңғыс 110 балл жинаса да грантқа түсе алмапты. Енді ауылға қайтамын дейді. Өйткені ақылы оқуға ақшасы жетпейді. Талдықорғаннан келген Мейрамбек Мұсаевтың  екі ұлы да грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының мүшелері. Талай жарыста топ жарған. Болашақта әкесі сияқты бапкер болсақ дейтін талантты жастардың да академияда білім алсақ деген жоспарлары желге ұшты.

Мейрамбек  Мұсаев,  ата-ана:

– 11 жыл осы пәнді оқып жүргеннен кейін  олардың баллдары жоғары болып, көбінесе спорт туризмге түсіп жатады. Жақсы спортшыларымыздың барлығы тыс қалып жатады. Осы спортшыларға көбірек көңіл бөліп, жағдай жасап, көбірек грант бөлсе екен деймін.

Биыл қазақ спортының қара шаңырағына 800-ге жуық талапкер құжат тапсырған. Олардың 163-і грант иегері атанды. Талапкерлердің арасында 19 халықаралық спорт шебері және  60 спорт шебері болған. Бірақ солардың алтауы ғана білім грантына ие болды.

Мұхтар  Есқалиев,  қазақтың спорт және туризм академиясының бірінші проректоры:

– Біздің жасаған талдауымыз бойынша, конкурсқа дейін 1 орынға 18 бен 20-ның арасын құрап отыр. 350 грант тек қана академияға беріліп отырған грант емес. Дұрыс түсіну керек. Соны жаңа талапкерлеріміз, спортшыларымыз түсінбей жатыр. Ол ҚР-да 41 жоғарғы оқу орны осы дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерін даярлайды. Осы білім бағдарламасы бойынша. Солардың  арасында жүреді. Бұл ұлттық конкурс деп айтуға болады.

2018 жылға дейін ата-аналардың шағымы болмаған  екен. Өйткені ол уақытта ұлттық құрамада болған немесе байрақты бәсекелерде олжа салған спортшыларға жеңілдік болған. Заңға өзгеріс енгелі осы жағдай жылда қайталанып отыр, дейді академия басшылығы. Ата-аналардың бүгінгі талап тілегі де осы. Спортшыға басымдық беріліп, білім гранты көбірек бөлінсе дейді. Жыл он екі ай жаттығу жасап, әлемдік жарыстарда ел абройын асқақтатып жүрген таланттарымыз тасада қалмай тегін білім алса, қазақ спорты ұтылмас еді. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы