420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдықтар иесіз жануарлар тәлімбағын салуға қарсы

  • 178
  • UPD: 18:35, 26.08.2020

Орал қаласының жанындағы Меловые Горки ауылының тұрғындары қаңғыбас жануарларға арналған нысан құрылысын тоқтатуға мәжбүр етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы хабарымызда мектеп және тұрғын үйлерге таяу арнайы орталықтың салынуына ауылдықтар қарсы екенін айтқан болатынбыз. Енді жергілікті халық бұл құрылысты бұзып тастауды талап етіп отыр.

Ауылда күнде жиын. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Меловые Горки тұрғындары үндеу жолдағаннан кейін ғана құрылыс нысанының иелері мұнда төбе көрсетті. Бірақ алдын ала келіскендей, кешкі сағат 8-де емес, таңертең келді. Олар ауыл белсенділеріне жобаны тоқтатуға уәде етті.

Ғалымжан Салиев, Меловые Горки кентінің тұрғыны:

– Ол құрылысты қайта бұзатындығын айтты. Облыстық әкімдікке барған екен, алайда әзірге оны қайда көшіретіндігі, қайдан жер бөлінетіндігі шешілмепті. Бұл әлі талқыланады. Ең бастысы ауылдың ортасындағы құрылыс тоқтады. 

Махмуда Құлжанова, Меловые Горки кентінің тұрғыны:

– Менің ойымша, бұл мәселеге нүкте қоюға болады. Мұны қандай да бір мекеме салып жатыр ғой, соның өкілдері болуы қажет еді. Олар іссапарға кетіпті. Ертең құжаттарды рәсімдеу ұзаққа созылады. Сондықтан бұл нысанды жабудың машақаты аз болмас.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ит пен мысықты паналату орталығының құрылысы бойынша әрі қарай келіссөз жүргізу үшін тұрғындардан ұжымдық жазбаша өтініші қажет. Мемлекеттік сатып алу байқауының шартына сәйкес, мердігердің жануарларды зарарсыздандыруға қолайлы жер аумағы, ғимараты болуы міндетті. 

Рүстем Мутиев, Зачаган кенттік округі әкімдігінің бөлім басшысы:

– Егер не болатынын анықтап білгіміз келсе, тұрғындар тарапынан бізге қағаз түрінде өтініш түсетін болса, біз сол қағазға байланысты негізге ала отырып, жоғарыдан сұрап біле аламыз, қалай болатынын, не болатынын.

Балдай Сапарғали, облыстық ветеринария басқармасының бас маманы:

– Аталған қызметті көрсету үшін мердігердің иелігінде тәлімбақ болуы қажет. Бұл келісімшарттың басты талаптарының бірі болып табылады. Тәлімбақты мердігер өз қаражаты есебінен салуы қажет. Ветеринария басқармасы ақыны тек көрсетілген қызметке, яғни ауланған және стерильдеуден өткен қанғыбас иттер мен мысықтарға ғана төлейді.

Ауыл тұрғындарының қарсылығына байланысты. Мердігерге құрылыс жүргізетін басқа орын іздеуге тура келетін сияқты. Ал биыл облыс бюджетінен иесіз қаңғыбас жануарларды ұстап, зарасыздандыруға 56 миллион тенгеден астам қаржы бөлігіп отыр.

Авторлары: Ботагоз Базарбаева, Болат Жарылгасов, Канат Махмутов

Хабар 24 телеарнасы