427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап қалды

  • 188
  • UPD: 16:26, 21.09.2020
Өскеменде кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап қалды

Өскеменде мектеп асханаларын жалға алған кәсіпкерлердің жұмысы мүлде тоқтап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сабақтар онлайн оқытала бастағалы шағын кәсіп иелері аспаздарын да жұмыстан босатқан. Ал осы істі бастау үшін кейбір кәсіпкер 70-80 миллионға дейін несие алған. Өйткені өткен жылы аймақтағы атқарушы билік мектеп асханаларын қайта жарақтау туралы талап қойған. Осыдан соң кәсіпкерлер ас әзірлейтін қымбат құрал-жабдықтар сатып алған. Жергілікті жердегі білім бөлімдері жөндеу жасаған кәсіп иелерімен 7 жылға үздіксіз қызмет көрсету жөнінде келісімге отырған. Алайда, қауіпті вирус қос тараптың да жоспарына кедергі келтірді. Тығырыққа тірелген кейбір кәсіпкер несиесін өтеу үшін мүліктерін сатуға мәжбүр. Сондықтан, атқарушы биліктен асхана ашылмаса да сол жерде нан-тоқаш өнімдерін дайындап, күнделікті табыс табуға рұқсат беруді сұрап отыр. 

Яна Радякина, кәсіпкер:

– Менің асханамда 12 адам жұмыс істеген. Олардың бәрін бастапқыда ақысыз демалысқа жіберуге, одан соң бәрін босатуға мәжбүр болдым. Қайтадан келгісі келеді. Ал менде оған мүмкіндік жоқ. Сондықтан, үкімет мемлекеттік әріптестік негізде көмектессе екен. Былтыр тегін жалға алу келісімін бір жылға жасағанбыз. Енді соны аз дегенде тағы екі жылға созса, кәсіпкерлер аяқтан тұрып кетер едік.

Әсел Қайырбекова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазір уәкілетті органдар тарапынан берілген нұсқауларға байланысты тек қоғамдық тамақтануға рұқсат берілген. Оның ішінде мектеп асханаларына жұмыс істеуге рұқсат берілген жоқ. Сондықтан білім беру ұйымдары ішінде қатаң санитарлық талаптарды сақтау жүктеледі.

Хабар 24 телеарнасы