427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраулық балықшыларды мазалаған мәселе оң шешімін тапты

  • 257
  • UPD: 09:37, 22.09.2020

Атыраулық балықшыларды мазалаған мәселе оң шешімін тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күзгі балық аулау маусымында су маржанын сатып алатын өндірістік кооперативтер балықтың бағасын күрт төмендетіп жіберген. Бұл жағдай өзен жағалап күнін көріп жүрген ау мен қармақ иелері үшін қолайсыздық тудырған еді. Тіпті кеткен шығынды өтеуге мүмкіндік болмаған. Қазір жағдай қалыпқа келген.

Қауіпті індет кәсіпкерліктің қай түрін болмасын қажытты. Қаржыдан айырды. Кәсібінің нәсібін көріп жүрген балықшылар үшін бағаның төмендеуі қиындық тудырған еді. Апта бойы балық аулауға шықпай, наразылық білдірген олардың мәселесі қазір ретке келіпті.

Ұзақбай Байзуллин, Дамбы ауылдық округінің әкімі:

- Атқарушы билік балықшылар мен табиғат пайдаланушы кәсіпорындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, бір-бірімен келістіріп, мәселе өз шешімін тапты. Қазіргі уақытта 500 деген балықшы өз қызметтеріне қайта кірісті.

Балық өңдеу кооперативтері үшін де бұл жағдай оңайға соқпаған. Олар су маржандарын сатып алып қана қоймайды. Төлейтін шығындары да жетерлік. Қауіпті індет кезіндегі дағдарыс олардың да жұмысына кедергі келтіріпті. Бағаны төмендетудің де басты себебі осы болған.

Артур Сәдібекұлы, облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Заң талаптарына сәйкес, табиғат пайдаланушы балық ауламастан бұрын аулайтын балығының биоресурсын төлейді. Яғни, алдын ала ақша төлейді. Қазіргі таңда олар балықтарын өндіре алмай, күзгі маусымда аулауға ақша төлеу керек. Ауланғаннан кейін салық төлейді.

Қазір Жайық-Каспий су айдында ау тартып, қармақ салған балықшылардың қарқыны жақсы. Жауаптылардың айтуынша, балықшыларға бөлінген биылғы лимит толық орындалады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы