425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысындағы бес ауыл осы айдың аяғына дейін газбен қамтылады

  • 176
  • UPD: 23:03, 21.10.2020

Осы айдың соңына дейін Жамбыл өңірінде 5 бірдей ауыл газбен қамтылады, хабарлайды «Хабар 24».

Қазір Қордай ауданында құбыр тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жоба Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асуда. Жобаның жалпы құны – 5,6 млрд теңге. Оның 3,6 млрд теңгесін «Бәйтерек» холдингі бөліп отыр.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Қордайлықтардың қуанышында шек жоқ. Қақаған қыста көмір тасып, күл шығарумен әуре болатын еді. Енді міне, көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Жауаптылар осы күні 2 бірдей ауылға газ жеткізіп үлгерген. Осы айдың соңына дейін тағы 3 елді мекенді көгілдір отынмен қамтымақ.

Сәкен Ысмайылов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры:

- Бұл газ құбырымен қоса, автоматтандырылған газ тарату станциясына реконструкция жасалды. Оның өткізгіштік қабілетін арттырып, 40 мың кубқа дейін көтердік.

Қазір ауданда газ тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бас-аяғы 5 мыңнан астам үйді көгілдір отынмен қамту жоспарланған. Бұл жоба Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асуда.

Ол үшін «Бәйтерек» холдингі «Қазақстан даму банкі» арқылы «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясына 3,6 млрд теңге бөлген екен. Ұлттық компания мұнымен шектелмеді. Олар машина жасау, металлургия және тамақ өнеркәсібі салаларын да дамытуға үлес қосты.

Арсен Жамалбеков, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Талдау және зерттеулер департаментінің жоба жетекшісі:

- Екінші бесжылдықтың аясында 540 млрд теңге соммасына 26 жоба мақұлданды. Оның ішінде 25 жоба 500 млрд-қа қаржыландырылды. 17 жоба бойынша жаңа қуаттар іске асырылды.

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы елдегі өндірісті дамтыуға тың серпін берді. Қаржылай қолдау көрсетілген компаниялар 1 трлн теңгенің өнімін шығарып үлгерді. Оның дені өзге елдерге экспортталды. Бұл қарқын енді үдей бермек. Мамандар «алдағы 5 жылда елге тартылған инвестиция көлемі 1,5 есеге, ал экспорт көлемі 2 есеге дейін ұлғаяды», деп сендірді. 

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы