420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайдың Ресеймен шекарасында бақылау күшейтілді

  • 274
  • UPD: 21:24, 29.10.2020

Көрші елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты Қазақстан-Ресей шекарасында санитарлық бақылау күшейе түсті. Қостанай облысында төрт санитарлық бақылау бекеті бар. Онда келушілерден сауалнама алынып, дене қызуы тексеріледі. Жолаушылар COVID-19 індетін жұқтырмағанын растайтын анықтама ұсынуы тиіс. Егер ондай құжат болмаса, екі күндік карантиндік стационарға жатқызылады.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- «Желқуар» өткізу бақылау пунктіндегі санитарлық бекеттің ашылғанына 3 апта болды. Сол уақыттан бері көрші Орынбор облысынан Қазақстан шекарасын 3000-нан аса адам кесіп өтті. Соның ішінде 132 азаматтың қолында ПТР сынамасының жоқтығынан карантиндік стационарға жатқызылды. 

Талап бойынша қазақстандықтар 48 сағатқа оқшауланады. Ал коронавирус жұқтырмағанын растайтын анықтамасы жоқ шетелдіктер болса, шекарадан кері қайтуға мәжбүр. 

- Самочувствие нормальное?

- Отличное. Ой, а это что за справка такая?

- Мне вот скидывали образец. Мне нужен сам протокол вашего анализа. 

Қолында күмәнді қағазы барларға да шекарадан өтуге рұқсат жоқ. Бірақ дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайлар сирек кездеседі. 

Әлия Баймұхамедова, медбике:

- Негізінен адамдар анықтама қағазымен жүреді. Онда ПТР нәтижесі де көрсетілген. Бұған бәрі түсіністікпен қарайды. Себебі ондай қағазсыз шекарадан өту мүмкін емесін біледі. 

«Желқуар» шекаралық комендатурасы арқылы автокөлік аз қатынайды. Ең көп дегенде күніне 120-ға жуық адам өтеді. Санитарлық бекетте олардан сауалнама алынып, дене қызуы өлшенеді. Ал, қауіпті індетке  «күмәні» барлар жедел жәрдеммен карантиндік стационарға жөнелтіледі. 

Зүлфия Орманова, Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары:

-30 орынға шақталған карантиндік стационар 6 қазанда ашылды. Егер шетелден келген азаматтардың қолында ПТР сынамасы болмаған жағдайда, стационарға жатқызылады. Сонда олардан дәрігерлер ПТР-ге тест алады.

Стационарға жатқызылғандар тегін тамақпен қамтылып, дәрігерлік тексерістен өтеді. Бір әттеген-айы жеке зертхананың жоқтығы, дейді ақ халаттылар. Сол себепті алынған сынама нәтижесін ұзақ күтуге тура келеді.   

Артур Галеев, Жітіқара аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Сынамаларды Қостанайға жөнелтеміз. Аурухана үшін бұл қосымша шығын. Көліктер облыс орталығына күнделікті қатынауға мәжбүр. Бұдан басқа амал жоқ. Шалғайдағы өзге аудандардың жағдайы да осындай.  

Қазір Жітіқарадағы карантиндік стационарда COVID-19-ға алынған сынама нәтижесін 13 адам күтіп жатыр. Жалпы мекеме ашылғалы мұнда бірде-бір адамнан коронавирус анықталмапты.

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы