422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысында үздік ауыл еңбеккерлері марапатталды

  • 96
  • UPD: 11:58, 23.11.2020

Биылғы жылдың он айында Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығында 277 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда біршама өсім байқалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пандемия кезінде де саланың дамуы сақталып, көрші өңірлердің сұранысын қамту тұрақты жолға қойылған. Өсімдік пен мал шаруашылығын өркендетіп, өнегелі еңбегімен танылған шаруаларға облыс басшылығы құрмет көрсетті. Саланың дамуына үлес қосқан үздіктер марапатталды.

Жеті жыл бұрын жер жыртып, көкөніс егуді бастаған Данияр Алманов бүгінде үздік шаруалардың қатарында. Ол биылғы жаз мезгілінде қарбыз-қауыннан өзге өңірдің ірі көтерме сауда базарларына 170 тонна көлемінде қияр тапсырған. Енді жылыжайда өскен қызанақтары жақын күндері ақтөбелік дүкендерге түспек.

Данияр Алманов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Алма бағын еккім келеді. Оған да жер берді, дайындап, тегістеп істеп жатырмыз. 18 гектарға ойым бар. Талаптанып жатырмын.

Ауыл шаруашылығы күні мерекесінде еңбегімен еленген 50-ден астам шаруа тиісті министрлік пен облыс әкімі және өзге де ұйымдардың марапатына ие болды. Сала еңбеккерлерінің арқасында биылғы он айда өндірілген өнім көлемі едәуір артқан. Әрі оны өңдеу ісі де тұрақты. Нәтижесінде облыс өз-өзін ауыл өнімдерімен қамтып қана қоймай, көрші аймақтарға да жеткізіп жатыр. Салаға тартылған инвестиция көлемі де 14%-ке өсіп, шаруаларға бағытталған мемлекеттік қолдау түрлері де ұлғайды.

Оңдасын Оразалин, облыс әкімі:

- Ақтөбе облысы ауылшаруашылық әлеуеті жағынан өте бір мықты өңірлердің бірі. Мүмкіншілігі мол. Егіннің өзіне тоқталатын болсақ, 11,5 центнер орташа есеппен гектардан алғанның өзі көп жылдан бері болған жоқ. Мал шаруашылығына келетін болсақ, қазіргі таңда жылқы басы болсын, ірі қара болсын, түйе, қой болсын әр жерде өсім байқалады.

Бүгінде облыста негізгі 32 азық-түлік түрінің 24-і өндіріледі. Оның көлемін арттыру үшін келер жылдан бастап ондаған жоба іске аспақ. Сондай-ақ мал азығы мен өсімдік шаруашылығын өркендету үшін суармалы жерлердің көлемін 100 мың гектарға жеткізу жоспарда.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы