386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сахна сәйгүліктерінің спортқа араласуынан елде екіұдай пікір қалыптасты

  • 125
  • UPD: 21:05, 29.07.2019

Елімізде өнер жұлдыздары спортқа араласа бастады. Бірі спорттық федерация қатарына алынса, енді бірі спорттық нысан басшысы атанды.

Ал біреуі тіптен, жекпе-жек кештеріне қатысып, кәсіпқой боксшылармен жұдырықтасып жүр. Бұл құбылыс қоғамда екіұдай пікір қалыптастырып отыр.

Әсіресе, әлеуметтік желі қолданушылары әртістер мен әншілердің  әрекетін қатты сынға алуда. Қалыптасқан жағдайдың дұрыс, бұрыстығын спорт шолушымыз Аслан Қаженов салмақтап көрді.

Нұрдәулет Шертімді таныстырып жатудың өзі артық шығар. Көпшілік оны кәсіпқой актер, танымал шоумен, әйгілі әзілкеш ретінде жақсы біледі. Бірақ сонымен қатар панкратион федерациясы дирекциясының директоры қызметін де атқаратынын біле бермейді. Жуырда бұл жаңалық әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Бастаманы жан-жақты қолдағандар да, жерден алып, жерге салғандар да болды. Осыған байланысты біз Нұрдәулеттің өзін сөзге тарып көріп ек. Айтуынша, спорттың насихатына үлес қосуды жөн көрген және онда тұрған ештеңе жоқ дейді. Кейіпкеріміз бала кезінен күреспен айналысқан. Сондықтан жекпе-жектің бұл түрі оған таңсық емес. Ал спорттық федерацияға ақша үшін келеді деген пікір мүлде қисынсыз дейді.

Нұрдәулет Шертім, қалалық панкратион федерациясы дирекциясының директоры:

- Мінеки жастарымыз өсіп келеді. Осы жастарға спортты таныстыру, жалғыз панкратион ғана емес, қанша спорттың түрлері бар сол спорттарды дұрыс таныстыра алсақ, әрине әлемге паш ете алады. Егемендік алғанымызға 20 жылдан енді асып жатыр. Панкратионды бірі білсе, бірі білмейді. Енді осы спорты біз барлығына таныстырамыз деген ойдамыз.

Жалпы өнер жұлдыздарының спортқа келуі жиі кездесе бастады. Мәселен, «көк тудың желбірегені» әнімен танымал Ибрагим Ескендір бірнеше жылдан бері кәсіпқой бокста өнер көрсетіп келеді. Бүгінге дейін 6 жекпе-жекті жеңіспен аяқтап, арнайы белдікті де иемденді. Ал жыл басында 20-ға тарта сахна жұлдызынының боз кілемге шығып, өзара мықтыны анықтауы тіптен таңқаларлық жағдай болды. Өйткені «Өнер барысына» қатысқан актерлер мен әншілер шеберлік жағынан  кәсіпқой балуандардан еш кем емес екенін байқатты.

Мақсат Аманғазыұлы, панкратионнан мемлекеттік жаттықтырушы:

- Орыста әдемі сөз бар ғой Талантливый человек, талантливый во всем деген. Қазақтың өзі жауынгер халық, аттың үстінде жүретін халық болған. Ол жауынгерлік айқас түріне жақын келетін халық. Мәселе, төбелесте ғана емес, интеллект, бұл да шахмат сияқты, өмірге бұл керек нәрсе деп есептейміз өзіміз.

Отандық спорттағы басқа сарапшылар да осы Мақсат Аманғазыұлы секілді пікірлер айтты. Яғни өнер жұлдыздарының спортқа келуінен ұтарымыз көп дейді. Өйткені оның насихаты жақсы жүреді. Әсіресе қазіргідей бұқаралық спортты дамыту алдыңғы қатарға шыққан уақытта бұл бастаманың берері зор болмақ.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы