429,75 508,70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Марсқа ұшуды жоспарлаған Адриана Марайс елордалық оқушыларға дәріс оқыды

  • 561
  • UPD: 22:37, 18.05.2018

2024 жылы Марсқа ұшуды жоспарлаған Адриана Марайс бүгін елордалық оқушыларға дәріс оқыды.

Астана экономикалық форумына келген оңтүстікафрикалық азаматша №50 мектепте болып, ғарышкер болуды армандаған жеткіншектердің сан сауалына жауап берді.

Адриана Марайс Марсқа біржола кетпекші. Егер жолы болып жатса, қызыл ғаламшарда өмірінің соңына дейін тұрақтап қалуға ниетті. Осылайша ол Марста алғашқылардың бірі болып, тіршілік етуді армандайды. Қызық па?! Ғарыш әлемі тереңдетіліп оқытылатын бұл мектептің оқушыларына да Адрианамен кездесу көптен күткен сәт еді. Қош. Әңгіме барысында Марайс ханым Марсқа Байқоңырдан ұшу ойында барын жеткізді. Ол үшін Қазақстанға тағы да сапар шегіп, біздегі ғарыш айлағын жіті зерттеп-зерделемек.

Адриана Марайс физика және философия ғылымдарының докторы (Оңтүстік Африка):

– Осы келгенімде Астанаға, жалпы Қазақстанға ғашық болдым. Байқоңырды бұрыннан білетінмін. Енді сол жаққа барғым келеді. Сіздерде бір емес, үш бірдей ғарышкер шыққан. Сондықтан, мүмкіндік болса, Марсқа Байқоңырдан ұшу ойымда бар. Қызыл планетаны зерттеп жүргеніме біраз болды. Онда мұз анықталды. Яғни су болса, тіршілік бар деген сөз. Сондықтан Марсқа біржола кетіп, сонда өмір сүруді көздеймін.

Райымбек батыр атындағы бұл мектеп физика-математика бағытына негізделген. Оқушыларға ғарыш әлемі мұнда барынша тереңдетіліп оқытылады. Және бір ерекшелігі – оқу ордасында «жасыл экономика» саясаты сәтті жүзеге асырылған. Мектеп жылуды күннен алады. Арнайы қондырғылар орнатылған. Сондықтан тек Адриана Марайс емес, форумға келген өзге де меймандар осы білім ошағына арнайы ат басын бұрып, мұндағы «жасыл технологиялар» аясындағы тың жетістіктермен танысты.

Салтанат Рақымбекова, «Жасыл технологиялар» мен инвестициялық жобалар орталығы» басқарма төрағасының орынбасары:

– Мына келген біздің үлкен қонақтарымыз Қазақстандағы осы бағдарламаны өте дұрыс дейді. Өйткені «жасыл экономиканы» халыққа тарату үшін оны көрсету керек. Олар қазір өздерінің жоғары бағасын беріп отыр біздің осындай «жасыл технология» бойынша іс-әрекетімізге.

Көрмемен танысқан соң меймандар мектеп алдына көшеттер отырғызды. Бұл жер енді «жасыл технологиялар» халықаралық орталығы аллеясы деп аталмақ.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы