418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бейжің кунг-фу мектебінің шәкірттері ЕХРО-2017-ге дайындықтарын пысықтап жатыр

  • 892

Астана халықаралық көрмесі аясында Қытайдың мәдени шараларына қатысатын Бейжің кунг-фу мектебінің шәкірттері дайындықтарын пысықтап жатыр.

1991 жылы мәдениет министрлігінің қолдауымен ашылған Бейжіңдегі Шаолинь кунг-фу тәлімгерлері ерекше қойылым көрсету үшін шеберліктерін шыңдауда. Төрткүл дүние көз тіккен Бейжің Олимпиадасының ашылу салтанатында үлкен құраммен шығып көпшілікті таң қалдырған да осы спортшылар. Енді олар Астанадағы ЕХРО көрмесін Кунг-фу өнерін әлемге тағы да паш ететін үлкен алаң деп біледі.

У Жиньлун, тәлімгер:

- Мен Қытай кунг-фу мектебінің атынан Астанада өтетін ЕХРО-ға қатысатынымды мақтан тұтамын. У-шу өнерін әлем жұртшылығына таныта алатыныма қуаныштымын.

Жу Шяоцзюнь, Бейжің кунг-фу мектебінің директоры:

- Біздің кунг-фу мектепке 23 жыл толды. Қазірге дейін Бейжің, Шанхай сияқты үлкен шаһарларда 4 мектепте 15 мыңнан астам тәлімгеріміз бар. АҚШ, Британия, Ресейде де біздің бөлімшелеріміз жұмыс істейді. Биыл жазда Астанада өтетін ЕХРО-да мәдени шаралар аясында өнер көрсетуге шақырту алдық. Біз үлкен құраммен барып шығыс жекпе-жек өнерін паш ететін боламыз.

Бұдан бөлек мәдени шаралар шеңберінде әйгілі Терракот әскері музейінің көрмесі жоспарланған. Қазір саздан күйдіріліп жасалған жауынгерлердің мүсіндері, қару-жарақтар, ыдыс-аяқтар, алтын және күміс әшекейлерді Қазақстанға жеткізуге дайындап жатыр. ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасының тізіміне енгізілген «Терракот әскері» көрмесін ЕХРО аясында маусым айынан бастап елордадағы Ұлттық мұражайда өткізу жоспарланған.

Хабар 24 телеарнасы