418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

EXPO-2017 көрмесіне Түркияның туристік агенттіктері қызығушылық танытып отыр

  • 836

EXPO-2017 халықаралық көрмесіне Түркияның туристік агенттіктері ерекше қызығушылық танытып отыр.

Мысалы, осы елдің туризм саласының белді өкілдері: «Астанада болатын дүниежүзілік көрме адамзат үшін үлкен маңызға ие», – дейді. Сондай-ақ «Болашақ энергиясын» игеруде жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтады. Өйткені қатысушы мемлекеттер бұл салада қол жеткізген ғылыми-технологиялық жетістіктерін бүкіл әлемге таныстырып қана қоймай, көрме аясында өзара тәжірибе алмасатын болады. Ал Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы түрік туроператорларымен болған кездесуде халықаралық көрмеге келуші шетелдік меймандар үшін жаңа туристік бағыттар ашылып, еліміздің тарихи, мәдени орындарын емін-еркін саяхаттауға барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

Хусейн Баранер, Түркия туристік агенттіктері қауымдастығының өкілі:

- EXPO-2017 көрмесінің мазмұны өте терең. Ол жаңғыртылатын қуат көздері мен энергияның өзге де баламалы түрлерін қолдануға ынталандырады. Бір сөзбен айтқанда, заманауи технологияларды пайдалана отырып, қоршаған ортаны ластамау, табиғатты аялауға үндейді. Сондықтан «Болашақ энергиясы» тақырыбы туристер үшін өте қызық болары сөзсіз. Өзім де Астанаға барып, халықаралық шараны өз көзіммен тамашалауға асығып отырмын.

Мұрагер Сауранбаев, EXPO-2017 комиссары хатшылығының басқарма жетекшісі:

- Түркия мемлекетінен де бірқатар туристің келетініне көзіміз жетті. Өйткені біздің таныстырылымнан соң ірі туристік компаниялар көрмеге қатысатындығын айтып отыр. Жалпы, Түркияның EXPO көрмесіне деген көзқарасы ерекше. Былтыр Анталияда EXPO-2016 көрмесі сәтті өткен болатын. Қатысып жатқан ірі компаниялар осы жылы Астанадағы көрмеге міндетті түрде келетіндігін, жобаларын көрсететіндігін айтуда.

Хабар 24 телеарнасы