388,93 435,25 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында жаңа мектеп пайдалануға берілді

  • 1552

Екібастұз қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында қазақ тілінде білім беретін мектеп пайдалануға берілді.

1 200 орындық білім ордасының құрылысы 2014 жылы басталған болатын. Жобаның жалпы құны - 1,3 млрд теңге. Бұл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Конституция күніне жасалған тамаша тарту, - дейді өндірісті өлкенің тұрғындары. Жаңа мектептің ашылуы кеншілер қаласын қуанышқа бөледі. Өйткені қала халқының саны жылдан жылға артып келеді. Әрбір ата-ана баласының мемлекеттік тілде оқығанын қалайды. Бұл Екібастұз қаласындағы қазақ тілінде білім беретін 9-шы мектеп болып отыр. Білім ошағы жаратылыстану-математика бағытын ұстанған.

Гүлнәр Сыбанқұлова, №36 мектеп-лицейінің директоры:

- Лицей мектебі болғандықтан біздің бағытымыз Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағыттары сияқты жаратылыстану, математикалық бағытты таңдап отырмыз. Осы бағытта Назарбаев зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесін тарату өзімізде, қолдану аясында бүгінгі күні көптеген жоспарымызда жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

Биыл жаңа мектепке 800 оқушы қабылданады, оның 170-і бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер. Бастауыш сынып оқушылары ұзартылған бағдарлама бойынша білім алмақ. Сондай-ақ, мұнда ұлттық тәрбиеге де баса мән беру жоспарланып отыр.

Зәуреш Арабаева, бастауыш сынып мұғалімі:

- Сіздер өздеріңіз көріп тұрғандай бұл бастауыш сынып кабинеті. Бұл кабинет ұлттық тәрбиеге бағытталған. Ұлттық тәрбиені бойына сіңірген оқушы намысшыл, ұлтжанды, өз елінің патриоты сияқты қасиеттерді өз бойына сіңіріп өседі.

Жаңа білім ошағының ашылу салтанатына қатысқан аға буын мектептің материалдық-техникалық базасына тәнті болды. Жергілікті бюджет қаражатына 100-ден астам компьютер алынса, мердігер мекеме 44 компьютер, ал облыс басшылығы шағын автобусты сыйға тартты. Физика, биология және химия кабинеттері арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Қайрат Смағұлов, Екібастұз қаласының құрметті азаматы:

- Ғылым мен технологияның ақырғы жетістігімен жабдықталған. Ешқандай кінаратсыз. Негізінде құрылысшылар бірдеңесі жетіп, жетпей жатады. Бұлар жаңа алдын ала қарап шықтық. Өте дұрыс салынып, дұрыс тапсырылған.

Динажан Ботхал, ата-ана:

- Осындай бүгінгі қуанышты күнге ризамыз. Осындай әдемі, аппақ мектебіміздің бірінші күнін, табалдырығын аттағанымызға, біздің балапанымыздың болашағына өте сенеміз.

Мектепте 45 сынып, 374 орындық мәжіліс залы, заманауи кітапхана, 300 орындық асхана, спорт залы және шағын жылыжай бар. Білім ошағы оқушыларды қабылдауға сақадай сай дайын. Жоғары санаттағы ұстаздардан құралған ұжым жаңа оқу жылының қамына кіріскен.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Арман Якубов, Алексей Омельницкий.

Хабар 24 телеарнасы