375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында биыл 350 адам жеке кәсібін ашқан

  • 848

Қостанай облысында биыл 350 адам шағын несие алып, жеке кәсібін ашқан.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына қатысқандардың дені - ауыл тұрғындары. Алқабында жайқалып астық өскен, төскейі төрт түлікке толы Тобыл-Торғай аймағында өңдеу нысандары да едәуір көбейіп келеді. Шағын несиелеуге бөлінген қаражат көлемі - 7 млрд теңге. Оның сыртында осы жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына шеңберінде жалпы құны 2,5 млрд теңге тұратын 90 жоба мақұлданыпты. Кәсіпкерлердің қайсы бірі қызмет көрсету түрлерін дамытса, енді бірі атакәсіп мал өсіруге ден қойған. Бүгінде облыста 426 мың бас ірі-қара бар. Соның 40 пайызы өндірістік сектордың үлесінде. Мемлекеттік бағдарлама мал сапасын арттыруға серпін берді.

Әлімжан Жүсіпов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының әдіскері:

- 70 мыңнан артық асыл тұқымды басымыз бар. Бұл енді өте жақсы, 5 жыл артқа қарай алсақ, ол кезде 40 мыңның маңайында болған. Бүгінгі күні ақырындап өсіп келе жатыр, екі есе өсті деп айтуға болады.

Саннан сапаға көшу барлық салада байқалады. Тараптарды әртараптандыру саясаты да өз жемісін беріп келеді. Алқабындағы дақыл түрін өзгерткендердің бірі - Владимир Заверуха. Жеті жыл бұрын зығыр еге бастады. Тиімділігін көргесін сұйық майды салқындатылған әдіспен, сығымдап алатын зауыт ашты. Қазір онда жылына екі мың тонна май өндіріледі. Аудан орталығындағы шағын зауыт бүгінде Еуропа, Азияның алпауыт елдерімен алыс-беріс жасап отыр.

Владимир Заверуха, шаруашылық басшысы:

- Еуропалық комиссия алқаптарымызды жылына бір рет тексеріп отырады. Бар құнары бойында сақталған, химия қолданбаған дақылдан алынған өнімнің дәмі де өзгеше, сапалы болады. Сапа бар жерде, сұраныс өздігінен туындайды. Бізде шығарылған өнімнің бәрі экспортқа кетеді.

Гуо Янцзюнь, Сұйық май зауытының директоры /Қытай/:

- Химиялық тыңайтқыштарсыз өсірілген органикалық өнім біз үшін өте маңызды. Бұл тұрғындардың денсаулығының кепілі ғой. Қытай нарығында мұндай тауарларға деген сұраныс аса жоғары. Бірден өтіп кетеді.

Егістік алқабы 4 млн 700 мың гектар болатын облыста, дихандардың тоқсан пайызы нөлдік технологияны қолданады. Кешенді техникалар ескі комбаиндарды ығыстырып, еңбек өнімділігі артты. Көлік паркі айтарлықтай жаңарды. Биылғы тоғыз айда шаруалар 277 трактор, 212 комбаин, 175 тұқым сепкіш, одан өзге қажетті 300-ден астам көлік сатып алған. Соның арқасында, егін ысырапсыз жиналды. Қуатты техника, тиімді технологияның арқасында табиғатқа тәуелділік азайды. Рекордтық өнім алу Тобыл дихандары үшін таңсық дүние емес, дәстүрге айналған. Биыл Қостанай облысы 5,5 мың тонна бидай жинап отыр. Егін берекесі шашамен гектарына 13 центнерден айналуда. Қанша астық болса да, оны құйып сақтауға облыс элеваторларында орын жеткілікті. Аймақта қазір ұн өңдейтін 100-ге тарта кешен жұмыс істеп тұр. Еліміз бойынша астық экспортының 16,1 пайызы, ұн экспортының 33,1 пайызы Қостанай облысы тиесілі. Өткен жылы 1 млн тоннаға жуық астық, 550 мың тонна ұнды сыртқа сатқан аймақ дихандары биыл да бұл межеден асып кем түспеуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров.

Хабар 24 телеарнасы