389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғыз елінде емшілерге қараламын деп мүшкіл халге түскендердің саны артып жатыр

  • 1076

Көршілес Қырғыз елінде халық емшілеріне қараламын деп ауруы асқынып, мүшкіл халге түскен адамдардың қарасы көбейіп барады.

Таяуда бір емші құрт-құмырсқаны улайтын химиялық затпен емдеген бала қайтыс болды. Осындай жағдайлар жиілеп кетті. Енді ел ішінде қатерлі ісік дертінен емдейтін тәуіп шығыпты деген сөз желдей есіп тұр. Денсаулық министрлігі мамандарының айтуынша, бұл дүмшенің ем-домы ешбір дәстүрлі медицинамен жанаспайтын көрінеді. Ағзасының қатерлі ісік дертіне шалдыққанын білген Халид Дырылдаев көп ұзамай дәрігерге қаралған. Бірақ дәрі-дәрмек те, жасалған ем де, химиялық терапия да шипа болмаған. Бішкек қаласында дәстүрден тыс тәсілдермен емдейтін дәрігер туралы Халид таныстарынан естиді. Жан сақтау амалын іздеген кісі тәуекелге барып, сол емшіге қаралады. Емші дәстүрлі медицина өкілдерімен бірлесіп еңбек етуге де дайын екен.

Хашим Зайналиев, халық емшісі:

- Біз бірнеше рет дәрігерлерге ұсыныс жасап, ем-дом шараларын бірге жүргізуге шақырып көрдік. Шынын айтқанда, олардың кеңес беруін қалап, науқастардың тиімді ем алуына жәрдем сұрағанбыз. Алайда, дәрігерлер дипломы жоқ деп, бізден бастарын алып қашады. Басқа дәрігерлерден ыңғайсызданады.

Денсаулық министрлігінің өкілдері емшіні алаяқ дейді. Айтуларынша, ол көрсететін медициналық қызмет қала тұрғындарын біраз дүрліктірген. Сол себепті, оның кәсіби біліктілігін жоққа шығару үшін арнайы ғылыми конференция да ұйымдастырылды. Емші мамандардың қарапайым сұрақтарына да жауап бере алмаған. Тіпті, ол қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеу үшін пайдаланатын жақпа майының химиялық құрамын айтудан да бас тартыпты.

Турусбек Абдылдаев, ұлттық онкология орталығының химиятерапия бөлімінің меңгерушісі:

- Ол бізге жөнді жауап бере алмады. Өзінің дәрілік заттарын А,Б,Ц және Д деп түсініксіз атаған. Емге қолданған заттары неден тұратынын, олардың емдік қасиеті жайлы қалай білгенін сұрағанымызда жауап бере алмады. Біліп қойсаңдар, емдеу тәсілімді тартып аласыңдар, сол үшін айтпаймын деп құтылуға тырысты.

Мамандардың айтуынша, ресми медицина осындай емшілерге қарсы тұруға дәрменсіз. Өйткені олар өз қызметін заңмен рәсімдеп алған, яғни, ондай емшілердің қызметін тоқтататын ешқандай негіз жоқ. Дегенмен, құрамында есірткі заттарының бар-жоғын анықтау үшін емге қолданған дәрі-дәрмектері түгел алынып, сараптамаға жіберілген.

Авторы: Бакыт Чермашев.

Хабар 24 телеарнасы