385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шаруалар «Сыбаға» бағдарламасының шарапатын көріп отыр

  • 827

Алматы облысында «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мал өсіріп, ет өндіруге ден қойған шаруашылықтар көбейді.

Биыл осы бағдарламаның көмегімен 6 мың 110 бас ірі қара сатып алынған. Малды асылдандыру ісі бойынша Балқаш ауданы алда келеді.

Жәния Есеншораева зейнетке шыққаннан кейін мал өсіруді қолға алады. Жасы алпыстан асса да, көлікті өзі тізгіндеп, жолсызбабен аптасына екі рет ауылдан 25 шақырым жердегі шаруашылығын аралап қайтады. Малшыларға арнап жаңадан үй салған. Қора-қопсыны да қалпына келтіріпті. Енді малды асылдандыру үшін «Сыбаға» мен «Алтын асық» бағдарламалары арқылы 50 бас ірі қара мен 80 ұсақ мал сатып алыпты. Шаруашылық басшысы «Малды іріктемесең, тұқымы азады, қонысты жаңаламасаң, өрісі тозады» деген халық даналығын ұстанған.

Жәния Есеншораева, шаруа қожалығының басшысы:

- Шаруашылықты бастағанымызға 3 жыл болды. Енді-енді бастап жатырмыз. Осы биыл несие алып, уақ мал сатып алдым. Ірі мал сатып алдым.

Балқаш өңірінің табиғаты ірі қара өсіруге қолайлы. Шөбі шүйгін, өзен-суы мол. Қазір ауданда ірілі-ұсақты 900-ге жуық шаруа қожалығы бар. Екі ірі мал бордақылау кешені жұмыс істейді. Мұнда өндірілген ет ішкі нарықта саудаланып қоймай, көрші Қырғызстанға экспортталады. Бүгінде ұсақ шаруа қожалықтары біртіндеп, кооперативке бірігіп жатыр.

Мырзағали Жұмабеков, ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы:

- Табыс көзін молайту керек қой. Шаруа қожалықтарын құрып отырғанның барлығы – өз бала-шағам. Міне, еңбек етіп жүргендердің барлығы – өз немерелерім. Осыларға табыс болу керек. Содан кейін мемлекеттік саясатты қолдауымыз керек. Сапалы ет өндіруіміз керек.

Алдағы уақытта Алматы облысында 18 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылмақ. Бұл істі Балқаш ауданы өзгелерден бұрын бастап кетті.

Бауыржан Дәрібаев, Балқаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Дәл қазіргі уақытта 300 бастай «Сыбаға» бағдарламасымен несие алып, сатып алған шаруашылықтар бар. «Алтын асық» бағдарламасымен биыл 617 бас сатып алынды. «Құлан» бағдарламасымен 48 бас жылқы сатып алып, шаруашылығын ұлғайтып отырған шаруа қожалықтар да бар.

Облыс бойынша өндірілген ет көлемі былтырғымен салыстырғанда 7 пайызға ұлғайған. Қазір өңірде сыйымдылығы 17 мың ірі қараға арналған 13 мал бордақылау кешені салынып жатыр.

Авторлары: Алмас Сәдуақас, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы