385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қашағанда жыл соңына дейін 1 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған

  • 1464

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында Атырау облысына арнайы барды. Мұнайлы аймаққа сапары аясында Президент телекөпір арқылы облыста  іске асырылып жатқан ірі мұнай-газ жобаларымен танысты. Мерекелік тарту-таралғысы көп қара алтынды аймақтағы «Қашаған» кеніші, «Болашақ» зауыты мен Каспий мұнай айдау концорциумы жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізді.

Мұнайлы аймақта іске асып жатқан ірі-ірі жобалар жетерлік. Қара алтын мен көгілдір отын өндірудің көшбасшысы саналады. Бұл орайда соңғы 50 жылдың ішінде ашылған әлемдегі ең ірі кен орны Қашағаннның орны бөлек. Солтүстік Каспийде орналасқан кеніштің қойнауында 11 млрд баррель қара алтын қоры бар. Бұл мега жоба аясында бой көтерген серпінді нысандар ел экономикасын өрге сүйретті. Солардың аяқ алысымен танысу үшін Президент мұнайлы аймаққа арнайы келді.

Телекөпірге Қашаған жобасына қатысып жатқан ірі кәсіпорындар атсалысты. Алғаш болып байланысқа «Д» аралы шықты. Жуырда ғана мұнда мұнай мен газ өндіру жұмыстары басталды. Жасанды аралдарда барлығы 40 ұңғыма болса, оның 8-і осында жұмыс істеп тұр. Қазір тәулігіне 100-120 мың баррель мұнай өндірілуде. Бір жылдан соң бұл көрсеткіш 370 мыңға дейін артпақ. Президент нысанның ресми түрде қосылуына пәрмен берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құтты болсын, табысты болыңдар!

Ал мынау «Болашақ» мұнай айыру кешені. Қашаған кенішінің негізгі өндірістік нысанының бірі. Мұнда мұнай мен газды кешенді дайындау жүзеге асады. Қара алтын құрамындағы күкірт пен бағалы элементтерді айырып, экспортқа әзірленеді. Жылына 1 млн тонна күкірт өндіріледі мұнда. Бұдан бөлек, 6,2 млрд текше метр газ дайындайтын жүйесі де бар.

Бейімбет Сабыров, NCOC компаниясы қондырғы алаңының басшысы:

- Бұл Сіздің еңбегіңіз, мұнайдың алғашқы партиясын жібердік.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Баршаларыңызды қуанышыңызбен құттықтайын деп келіп тұрмын. Табысты болыңыздар.

Облыстың магистарльды мұнай құбырлары операторлары да жұмысын жаңғырту үстінде. Бүгін «ҚазТрансОйлдың» 663 шақырымдағы мұнай айдау станциясы іске қосылды. Бұл нысанды модернизациялау мұнайды қарсы бағытта Қытайға жеткізіп тұруға мүмкіндік береді. Сөйтіп, компания Қашаған кен орнында өндірілетін қара алтынды «Атырау-Самара» мұнай құбыры мен «Қазақстан-Қытай» құбырлар жүйесі арқылы тасымалдайтын болады.

Жеңісбек Лұқпанов, «ҚазТрансОйл» АҚ батыс филиалының директоры:

- Қытайға тасымалдайтын жол ашады. Қытайға 20 млн тонна тапсырмаңызды орындап жатырмыз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мұнайды өңдеу бар, тасымалдау бар. Тәуелсіздікке үлкен сыйлық. Табысты болыңыздар.

Қашағанның қара алтынын сан тарапқа тасымалдайтын тағы бір құбыр бар. Каппий құбыр концорциумы деп аталады. Бұл ірі халықаралық мұнай тасымалдау жобасы. Оның жалпы ұзындығы 1,5  мың шақырымнан асады. Оған Қазақстан мен Ресей және әлемнің жетекші мұнай өндіретін компаниялары қатысады. Қазіргі таңда бұл құбырлар арқылы тәулігіне 135 мың тонна мұнай сыртқа  шығарылады. Жыл соңына дейін 40 млн тоннадан астам мұнай экспорттау көзделуде.

Қашаған елдегі елеулі оқиға. Кешегі күн бүгін тарих. Бұл кенішті тауып, қуанышты жар салған сәт әлі күнге дейін Елбасының есінде. 2001 жылы қойнауы зерттеліп, алғаш бұрғылау  жұмысы жүргізілгенде Берік Уап бар-жоғы 7 жаста еді. Мұнайды маңдайына жағып, Президент батасын берген бала бүгін сол Қашағанның дамуына үлес қосып жүр.

Берік Уап, мұнайшы:

- Сізге сол кезде берген батаңызға үлкен рақмет айтамын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сен тәуелсіздіктің құрдасысың ғой!

Ғасырлық жобаны жүзеге асыруға талай мұнайшы атсалысты. 15 жылда Қашағанның қызығын мен шыжығын қатар көргендер көп. Бір тарихи кезең іспетті. Бұл аралықта тұтас бір мұнайшылар буыны қалыптасып үлгерді. Бастысы, осы жобаны қадағалап, басы-қасында Мемлекет басшысының өзі жүрді. Қашағанды мұндай деңгейге жеткізу оңайға соққан жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл өте күрделі жоба, 60 млрд доллардан астам қаржы жұмсалды. 16 жыл болды. Теңізде арал салу оңай болған жоқ. 95 жылдан бері 15 мың адамға жұмыс берілді. Бұл аралықта  тұтас бір мұнайшылар буыны қалыптасты.

Биылғы жылдың соңына дейін Қашағанда 1 млн тонна мұнай мен 680 млн текше метр газ өндірілмек. Келер жылы бұл көрсеткіш әлдеқайда арта түседі. 8 млн тонна қара алтын, 5 млрд текше метр табиғи газ. Демек Қазақстанның келешегі бар деуге толық негіз бар. Сайып келгенде, Қашағанның тек бір ғана облыс емес, күллі ел үшін маңызы зор. Тәуелсіздіктің жемісі, тұтас халықтың мақтанышы іспетті. Ал оны жоғары деңгейде игеру үшін Президент талай инвестор тартты. Кемел келешек үшін.

Дэррен Вудс, ExxonMobil компаниясының президенті:

- Қашаған жобасының ашылуына қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Біз бір ұжым, бір топ болып жұмыс істедік. Мемлекетпен бірлесіп көптеген табыстарға қол жеткіземіз. Осы орайда Президенттің қолдауы үшін алғысымыз шексіз. Жаңа жобалар дегеніңіз, жаңа жұмыс орындары, елдің дамуы мен жаңа инвестициялар. Есесіне, біз технологиялар мен озық тәжірибелерді Қазақстанға әкелеміз. Бұл мақсаттарға жетуде Қашаған ерекше рөл атқарады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ортақ мақсатқа жұмылдырдық. Егер біз компанияларды жинамасақ, инвесторларды тартпасақ қиын болар еді. Сондықтан құттықтаймын.

Қашағаннан бөлек еліміздің батыс өңірлерінде Теңіз, Қарашығанақ кен орындары бар. Олардың жүріп өткен жолы өрлеуге жетеледі. Алда жаңа кеніштерді игеру мақсаты тұр. Ол тағы да мыңдаған жұмыс орындарын ашуға түрткі болады.

Қойнауы қазба байлығына толы батыстың өткені мен бүгіні жер мен көктей. 25 жылда толағай табыстарға қол жеткізді. Заманауи Атырау дамыған, қарыштаған бұл күндері. Сана сала бойынша алға басып келеді. 25 жыл бұрын алға қойған мақсат-міндеттерді орындаған бірден-бір облыс. Мұнай-газдан бөлек, жергілікті жұртшылық ауыл шаруашылығы, индустрия, әлеуметтік салада жеткен жетістіктерімен мақтана алады.

Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі:

- Облыстың жалпы ішкі өнімі 4 трлн теңге. Облыстың 96%-ы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген.

Қара алтын мен көгілдір отын нарығында ұзақ жылдар жұмыс істеген мұнайшылардың еңбегі елеусіз қалмақ емес. Телекөпірден соң Нұрсұлтан Назарбаев мұнай-газ саласына еңбегі сіңген қызметкерлерді марапаттады. Ерен ерлерге мемлекеттік сыйлықтарды табыс етті.

Еліміздің мұнай-газ саласындағы амбициялары асқақтап тұр. Қазақстан мұнай өңдеуді 100 млн тоннаға дейін жеткізбек. Бұл мақсатты орындауда Атырау облысының жүгі жеңіл емес.

Облыстың алға қойған мақсат-жоспарлары орасан. Нарықтағы ахуалға қарамастан Атырау мұнай мен газ өндіруді бәсеңдетпек емес. Бұл жергілікті ағайынның ата кәсібіне айналып үлгерді. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша аймақта 24 млн тонна мұнай өндірілген. Бұл тәуелсіздік алған жылдармен салыстырғанда 8,5 есе көп. Демек Атырау облысы қара алтынның астанасы болып қала бермек.

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Айдос Меделбеков

Хабар 24 телеарнасы