420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыдағы Қысқы Универсиадада мәнерлеп сырғанауда бәсеке жоғары болады

  • 1832

Қысқы спорттың ең тартымдысы әрі күрделісі - мәнерлеп сырғанау.

Алдағы Универсиада кезінде әйелдер арасындағы жеке өнер көрсетуде Қазақстан намысын Жансая Адыханова, Айза Имамбек және Вероника ШЕвелева қорғайтын болады. Қазір үш бойжеткен алдағы бәсекеге дайындық үстінде. Мәнерлеп сырғанау жарыстары Алматы Арена мұз сарайында өтеді. Тартысты бәсеке 1 ақпан күні қыздардың қысқа бағдарламасынан басталады. Үкілі үміттің бірі Жансая Адыханова спорттың бұл түріне денсаулығын түзету мақсатында келгенін айтады. Жансая жасөспірімдер арасындағы Гран-при серияларының кезеңдеріне, түрлі халықаралық жарыстарға қатысып біраз шыңдалған. Ал Универсиада ересектер арасындағы алғашқы турнирі болмақ.

Жансая Адыханова, мәнерлеп сырғанаудан ҚР спорт шебері:

- Мен негізі өзім кеш бастағанмын. Көптеген балалар жастары 4-5-терде бастайды. Ал мен өзім 11 жасымда бастағанмын. Осы 5 жылда жақсы көрсеткіш көрсеттім деп ойлаймын.

Әлемдік аренада ел мерейін асқақтатсам деп армандап жүрген жастардың бірі Айза Имамбек. 4 жасынан мәнерлеп сырғанау спортын серік еткен Айза жеңістің оңай келмейтінін жақсы біледі.

Айза Имамбек, Мәнерлеп сырғанаудан ҚР спорт шебері:

- Сағат 6 жарымда тұрамын. Содан кейін сағат 7 де мұзым басталады. Мен таңертең Мегада сырғанаймын. Сол жерде бапкеріммен айналымдарды істейміз. Одан кейін кішкене демалып, күшімді жинап тамақ ішіп, осы жерге келеміз. Осы жерде 2-3 сағат мұз болады.

Вероника Шевелева да Универсиада кезінде аянып қалмаймын деп отыр. Көрермен тарапынан Қазақстанның үш дүркін чемпионы Элизабет Тұрсынбаева қайда деген сұрақ туындауы мүмкін? Элизабеттің жасы толмағандықтан бұл Универсиадаға қатыса алмайды. Жалпы Алматы Аренада өтетін жарысқа Ресей, АҚШ, Жапония мен Кореядан да мықтылар келеді. Сондықтан бәсекенің тартысты болатынын анық.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ғани Бикенов.

Хабар 24 телеарнасы