476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz


Әуе компанияларының сервисі жақсара ма

  • 217

Былтыр отандық әуе компанияларының қызметіне жүгінген жолаушы саны 9, 400 млн-ға жеткен. 2020 жылмен салыстырғанда бұл 71 процентке артық. Азаматтық авиация комитетінен хабарлағандай, пандемияға дейін, яғни 2019 жылы жолаушы саны 8,5 млн-нан асқан еді. Демек елімізде ұшақпен қатынау  жылдан жылға артып келеді. Осыған қарап, әуе компанияларының сервисі жақсаруы тиіс сияқты көрінеді. Ал түптеп келгенде, мәселе жетіп артылады. Армысыздар, бүгін біз қазақстандық әуе компанияларының сервисіне үңілеміз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр әрбір бесінші рейс уақытында ұшпаған. Мәселені көтерген мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев депутаттық сауалында статистикасын жіктеп көрсеткен екен. Айтуынша, 68 мың 700 әуе рейсінің 12 мың 800-і кешіктірілген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда борттардың кешігуі 2 есеге артып, 9 мыңнан асқан. Бірақ борттардың неліктен кешігетіні түсініксіз. Нақты ауа райының қолайсыздығынан кешіккен рейс саны 900-ден сәл асады. Осы ретте депутат «SCAT», «Qazaq Air» компанияларының әрбір төртінші рейсі кешігетінін атап кетті.

Дәл осы әуе компанияларына биыл бюджеттен 5 млрд теңге бөлініп отыр. Олар субсидияланатын 24 бағыттың 16-сын іске асырады. Жалпы ішкі рейстердің жиілігін көбейтіп, халықтың ұшақпен қатынау деңгейін арттыру мақсатында, үкімет 6 млрд-қа жуық субсидия бөлінген. Мемлекет тарапынан қолдауға ие компаниялардың сервисі қадағалана ма? Тиісті қызмет көрсете алмаса, әкімшілік жауапқа тартыла ма? Міне осы сауалдарды азаматтық авиация комитетіне  жолдаған едік. Жауабы мынадай болды:

Комитеттің хабарлауынша, тиісті сервистік қызмет көрсетпеген компанияға, 200 АЕК яғни 636 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынады. Жыл бойында қайталанса екінші қайтара салынатын айыппұл көлемі 3 млнн-нан асады. 

Әлемде су  беру мәдениеті бар. Бізді соған жақындатудың орнына, кей лоукостерлер одан алыстатып жатыр. Ұшақта отырғанда тіпті дәріге су сұрай алмайсың. Осылай деп налыған Елнұр Бейсенбаев баға саясатына көңіл көншімейтінін білдірді.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Мәжілісінің депутаты:

Bek Air деген компания болды. Қауіпсіздік шараларының сақтамағанына байланысты, ұшақтарының ескілігіне байланысты нарықтан шығып қалды. Бірақ сол Bek Air соңғы билетінің құнын бірінші билетін сатқан құнындай ұстап тұратын. Ал қазіргі лоукостерлік компаниялар, оның ішінде FlyArystan 5-6 есе өсіріп жіберетініне бәріміз куәміз.

Бағаны біркелкі ұстау қағидасы теориялық тұрғыдан көңілге қонымды. Алайда іс жүзінде ол іске аспайды. «Аir Аstana» әуе компаниясының басшысы Питер Фостердің уәжі осы. Айтуынша, әуе компаниялары ұстанатын бизнес-модельдің құрылымы осы доға іспеттес. Яғни, алдымен төмен тариф ұсынылады, ал ұшу күні таяған сайын баға қымбаттап, сәйкесінше доғаның биіктігі жоғарылайды. Егер тариф құнын орташа қылса, бастапқыдағы ақша ағыны тоқтайды да бизнес-модель қирайды. Forbs.kz баспасына берген сұхбатында Фостер мырза оны былай деп түсіндіреді.

Питер Фостер, «Air Astana» әуе компаниясының президенті:

Әдетте адамдар еңбек демалысын немесе отбасылық саяхатты алдын-ала жоспарлап, билетті ертерек алады. Ал бизнесмендер және өзге қалталы жолаушылар сапарға аяқ асты шығуына байланысты билетті ұшу күні тақаған кезде алады. Билетті алдын ала сатып алатындар - табысы орташа санаттан, ал ұшу күні жақындаған кезде алатындар – жоғары және табысы орташадан асатындардың санатынан. Егер тарифті біркелкі етіп бекітсек, табысы орташа және одан төмендер қатты шығындалады. Ал табысы көптер үшін билет тым арзанға түспек. Доғаны бұлай түзеу бизнес-модельге қайшы келеді әрі әлеуметтік тұрғыдан әділетсіз болады. 

Turkish Airlines, Lufthansa, Etihad, FlyDubai сынды әуе компанияларының баға саясаты дәл осы бизнес үлгіге негізделген. Сондықтан қазақстандық лоукостерлер одан бас тартуы екіталай.

 

Хабар 24 телеарнасы