377,95 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы әлемдік державаларды түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға шақырды

  • 592
  • UPD: 22:37, 28.12.2018

Президент Нұрсұлтан Назарбаев жыл қорытындысы бойынша еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Ақордада өткен басқосуда Мемлекет басшысы биыл елімізде болған маңызды оқиғаларды қорытындылап, журналистердің сан түрлі сауалдарына жауап берді.

Биылдыққа жыл бедерінде ғана емес, тұтас ел тарихындағы ең елеулі оқиға – Қазақстанның Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуі. Бұл кезең әлемде алмағайып құбылыстардың белең алуымен тұспа-тұс келді. Жаппай қарулану үрдісінің қарқын алуы, Таяу Шығыстағы шиеленіс, Ауғанстан мен Украина жағдайы, Корей түбегіндегі ахуал тізе берсек адамзатты алаңдатқан мәселе көп. Сондықтан Елбасы әлемдік державаларды осы түйткілдердің түйінін тарқатуға шақырды. Қазақ көшбасшысының бұлай деуіне толық негіз бар. Себебі біз жаппай қырып жою қаруынан өз еркімен бас тартқан елміз. Президент АҚШ-қа сапары кезінде алпауыт держава көшбасшысымен де келелі келіссөз жүргізді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Его назвали историческим. Но я так не думаю. Это был мой 11 визит. 6-ой официальный визит и пятый президент США.

Мемлекет басшысы әріптесімен кездесуде елімізге экономикалық тұрғыда санкциялық шектеулер әсер етпеу қажеттігін жеткізген. Себебі АҚШ пен Ресей арасындағы шиеленістің салдары Қазақстанды сырт айналуы тиіс. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Всегда мы договоривались по вопросам экстремизма, терроризма. Я заметил санкция нас заденет. Но мы договорились.

Расында әлемде алпауыттардың арбасуынан үшінші елдер зардап шегіп отыр. Геосаяси ахуал жиі құбылып, санкциялық текетірестердің әлегі көбейді. Терроризм қаупі өршіді. Ал Қазақстан әлемдегі тұрақтылықты қалайды. Ресми Астана кез келген мәселені шешу жолында өз алаңын ұсынуға әзір. 

Сыртқы саясатта жеткен жетістіктің бірі - Орталық Азия елдері арасындағы қайта жанданған қарым-қатынас. Кеңес одағы ыдыраған тұста аймақтағы 5  мемлекеттің бірлігі ажырап, даму үдерісі тежелген болатын. Қазіргі жағдай мүлдем басқа. Биылғы наурыз айында Елбасының Орталық Азия көшбасшыларын елордаға жинап, толғандырған түйткілдерді ортаға салды. Шешуін тапқан мәселелер аз емес. Әсіресе, Өзбекстанмен байланысымыз бекемделіп, алыс-беріс пен барыс-келіс артты. 

Қазақстанның өзге елдермен әріптестігі индустриалды-инновациялық саланы ширатты. Елімізге тәуелсіздік жылдары 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, жаңа кәсіпорындар бой көтерді. Арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы соңғы 9 жылда 1200-ден аса өндіріс орны салынды. Енді еліміз өңдеу өнеркәсібіне екпін берді. 

Индустриалды саладағы ілкімді істердің бір парасы жақын көршімілерімізбен бірлесіп қолға алынды. Ресеймен қалыптасқан кең ауқымды әріптестікпен қоса, Қытаймен қарым-қатынас жолға қойылды. Бірлескен инвестициялық жобалардың саны 60-қа жуықтайды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанның Қытаймен қарым-қатынасы жоғарғы деңгейде. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Алпысқа жақын өндіріс орындарын Қазақстанға салу. Ескісін салмаймыз. Біздің жастарымыздың оқуы. Ешқандай қауіп жоқ.

Ел еңсесін тіктеген Елорда 20 жылдық белесін еңсерді. Бас қала Алатау бөктерінен Арқа төсіне көшірілген шақта саяси шешімнің астары ашық айтылмай, көпшілік оған қырын қарағаны белгілі. Дегенмен, енді шындықты жасқанбай айтатын мүмкіндік туды. Президент батыл шешім қабылдауға нендей жәйттар түрткі болғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұның ең терең саяси астарын айтатын сәт келді. Елдің ішінде бірыңғай емес. Сол кездегі депутаттардың біздің халықтың саны аздау болды. Әр нәрсенің аяғына қарау керек қой. Ойлаған ойын іске асырып, аяқ жағында жемісін көргеннен басқа бақыт жоқ.

Елбасы БАҚ өкілдерімен кездесуде ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау төңірегінде тұшымды ойын да ортаға салды. Әсіресе «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы басым бағыттар мен оның болашақ ұрпақ үшін маңызын түсіндірді.

Президент өз сұхбатында жыл бедеріндегі өзге де маңызды оқиғаларға тоқталды. Олардың қай-қайсы да ауқымды. Мемлекет басшысының жыл ауысар шақта өткенді екшеп, болашақты бағдарлауының себебі сол.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы