378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысының қатысуымен «Көктем шуағы» атты дәстүрлі кездесу өтті

  • 526
  • UPD: 23:39, 07.03.2019

Ақордада мемлекет басшысының қатысуымен «Көктем шуағы» атты дәстүрлі кездесу өтті. Нұрсұлтан Назарбаев әр салада елеулі еңбек етіп, толағай табысқа кенеліп жүрген нәзік жандыларды және көп балалы аналарды мерекелерімен арнайы құттықтады. Президент биылғы жылы халықтың әл-ауқатын арттыруға, әсіресе көпбалалы отбасылардың тұрмысын түзеуге жіті мән берілетінін айтты. Одан бөлек жұмыссыз жүрген жандарды тұрақты қызметпен қамту мәселесі шешімін табады.

Бүгін бағаналы бас ордаға жиылған қыз-келіншектердің қай-қайсы да сұлу. Шуақты көктем мезгілінде гүлдеп, құлпырып сала беретін қызғалдақ секілді, олар да көркіне көрік қосқандай. Мерейлі мереке қарсаңында мемлекет басшысы мен әйелдер қауымының кездесуі - игі дәстүр. Дегенмен, әр қайсысы өзіндік тұрғыда ерекше. Мәселен, бұл жолғы басқосуда президент тарапынан айтылған әзіл аралас әңгіме көп болды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дүниеде әйелдің білмейтін бір-ақ нәрсесі бар дейді. Біріншісі - кешке қандай тамақ жасайын деп қобалжиды, екіншісі - тойға барарда қандай көйлек кисем екен. Гардеробтың іші толып тұрса да бәрібір киетін ешнәрсе жоқ дейді екен. 

Елбасы қағытпа қалжың арқылы астарлы әңгімелер де айтты. Жұбайлар арасындағы татулық, отбасы құндылығы сынды мәселелер бірінші кезекке қойылуы керек. Президенттің бұл ұғымдарға баса мән беретіні оның мына мысалынан аңғарылды.   

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екі көрші тұрады екен, біреуінің үйінде жанжал, аржағында тып-тыныш. Содан кейін ана күйеуі айтады, сен ананы көріп келші, не істейді екен неге жанжалдаспайды екен. Барып тығылып отырады. Сол кезде әйелі үйдің ішін жинап, столдың үстін сүртіп жүргенде бір вазаны шетіне қойып қояды екен, күйеуі оны қағып кетеді. Жаңағы қымбат ваза жарылады. Сонан кейін ойлап қарасаң қалай болу керек. Сонда жаңа күйеуі айтады, кешір мені, осылай жүрмеуім керек еді. Әйелі айтады кешір мені мен мынаны шетке қоймауым керек. Екеуі сол бір-бірінен кешірім сұрайды. Үйіне келеді де айтады не көрдің оларда бәрі кінәлі екен, ал бізде бәрі дұрыс. Сондықтан бір-бірін кешіріп жүрсе, ынтымақ болады.

Дәстүрлі кездесудің «Көктем шуағы» деп айтылуы бекер емес. Себебі халықаралық әйелдер мерекесі - көктем келіп, төңіректің түрленіп, айрықша кейіпке енер шағы. Шара барысында, Елбасы қыз-келіншектерге деген жанашырлықтың шынайы үлгісін көрсетті. Тіпті сәл сырқаттанып отырғандарына өз қолымен дәрі ұсынып, қамқорлық танытты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл кездесулерді біз көктем шуағы деп атап жүрміз. Өте нақты келеді. Бұл аналарымыз бен қызғалдақтай құлпырған қыздарымыздың мейрамы болып саналады. Әйелдердің мейрамы болғанымен ерлер мұны өте жақсы тойлайды. Ананың құдіреті шексіз, оның алдында бүкіл дүние бас иеді деп тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына ана ақ жаулығын тастағанда соғыс тоқталып, бітімге келетін. Дәстүрімізді сақтап келе жатқан біз әйел затын әсіресе, қадірлейтін халықпыз. Қазақ ұлты қыз баланы әр уақытта құрметтеп, алақанына салып, аялап отыратын бұл салтымыздың біздің сонымен сабақтас болып келе жатқан отбасы үшін бұзылмас заңдылыққа айналып келеді. 

Ана - әрбір адамзат баласы үшін қастерлі сөз. Оны естігенде тебіренбеу мүмкін емес. Әсіресе, ұлтымызда анаға қатысты киелі сөздер көп. Мемлекет болса, оларға деген қамқорлықтың үлесін ұдайы арттырып келеді.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өткенде Nur Otan съезінде мен айтқан бағдарламаны білесіздер. Оның барлығы жылдың ортасынан басталады деп айтқанменен әсіресе мұқтаж аналарға осы келесі айдан бастап берсін деп тапсырма бердім. Көмек, қаморлық арта береді. Бір жағынан біз нарық экономикасына байланысты қол жайып, үкіметтен сұрай беруге бейімделмеуіміз керек. Дегенмен, әсіресе көмектесу керек. Өйткені, алда тұрған міндет жұмыс беру. 

Елбасымен кездесу мәртебесіне биыл 20-ға жуық қыз-келіншек ие болды. Олардың арасында саясат, экономика, білім беру мен денсаулық сақтау және қорғаныс пен мәдениет салаларында тынбай еңбек етіп жүрген жандар бар. 

Ұлжалғас Дүйсебаева, көп балалы ана:

- Тәуелсіздік жылдарында болашағына сенген талай жастар отау құрды. Оның ішінде өмірдің ыстық-суығына шыдамай, ажырасып кеткен жастар да аз емес. Бұл мәселе мені, 45 жыл ұстаз болып бүгінде 4 бала, 15 немере тәрбиелеп отырған ана, әже ретінде қатты аландатады. Сондықтан біздер - облыстық аналар кеңесі «Ақ отауға ақ бата» жобасың қолға алдық. Оның басты мақсаты – жастарды ата-баба дәстүрімен тәрбиелеп, көтерген отауларының керегесі берік болуына жол сілтеу. Бүгінде осы жоба аясында үйленген 42 жанұя тату өмір сүруде. Ал 70 отбасын моральдік көмек арқылы ажырасудан алып қалдық. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сотқа бара жатқан жастарды бері келіңдер, сөйлесейік, не болды, кейбіреуі үй болмағаннан кейін мысалы, сіздер әйелдер ұлдарыңызды сонша жақсы көресіздер. Қастарында біреуді көргенде қиын енді. Бәленің бәрі содан басталады. Қарсы тұрасыздар. Жақсы жұмыс жасап жатыр екенсіздер. 

Мерекелік басқосуға қызмет бабында қаза тапқан алматылық полицей Ришад Әбішевтің жары Айжан да келді. Жолдасынан қапияда айырылып қалған жан қазір мемлекет қамқорлығында. Басында баспанасы бар әрі қос бірдей перзентін ел қатарлы тәрбиелеп келеді. Өзі де жолдасының жолын жалғастырып, ішкі істер органына қызметке орналасты  және капитан шеніне дейін көтерілді. 

Айжан Әбішева, Алматы қаласы көші-қон қызметінің инспекторы:

- Осы мерекелік шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Менің полицияға келуімнің өзіндік тарихы бар. Жолдасым полиция лейтенанты Әбішев Ришад 8 жыл бұрын қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапты. Бұл қайғы мен және менің отбасым үшін өте ауыр болды. Сол кездегі өзіңіздің қолдауыңыз мәңгі есімде қалады. Ришадты «Айбын» орденімен марапаттадыңыз. Қала әкімшілігі жанұямызға пәтер берді. Полиция департаменті басшылығы мені жұмысқа шақырды. 

Биылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Мақпал Тәжмағамбетова да бүгін ерекше құрметке бөленді. Ол өзінің шығармашылық жолында бірнеше өлең жинағын жарыққа шығарып, талай республикалық байқаудың бас жүлдесін иемденді. Ақын қыз бұл жолы да Елбасы алдында жалынды жыр оқыды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Анадағы кездесуден кейін әдейі шақырдым. Сол өлеңіңді оқып берші. Махаббат туралы. Үш кітабыңды тауып алдым. 

Мақпал Тәжмағанбетова, ақын:

- Өткенде сізге еркін тақырыпта оқыдым. Бүгін еліміз жайлы оқып берсем. Өлең оқиды. 

Кездесуге қатысушылар арасында қарапайым еңбек адамдары да бар. Атыраулық Айжан Асмағамбетова солардың бірі. Ол 16 жасынан бастап ер адамдарға бергісіз еңбек етіп келеді. Кәсіби шеберлігін ұдайы арттырудың арқасында қызметте жоғарылып, 5-разрядтағы кран-машинисі атанды.  

Айжан Асмағамбетова, кран-машинисі:

- Жасымнан еңбектеніп келемін. Кран жүргіземін. Ол да сіздің арқаңыз. 4 баламыз бар. Ұлдарым еңбек адамдары.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қанша жыл жұмыс істеп келе жатсыз. Табысты болыңыз.

Жиында мемлекет басшысы қос бірдей анаға алтын және күміс алқа табыстады. Бірі - атыраулық 7 баланың анасы Алтынай Сәрсенбаева, енді бірі 6 перзентті дүниеге әкелген жетісулық Мәншүк Мәмбетова. 

Кездесуде әуезді ән де болды. Қатысушылар Президент оркестірінің жетекші солисі Клара Төленбаеваның орындауындағы «Жібек сезімі» әнін қосыла шырқады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы