378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрсұлтан Назарбаев: Дүниежүзілік одақтар интеграцияға бейім болуы қажет

  • 166
  • UPD: 12:22, 26.04.2019

Ежелгі Жібек жолының жалғасы саналатын «Бір белдеу, бір жол» бастамасы – тұрақтылық пен даму кепілі. Бүгін Қытай астанасы Бейжіңде басталған форумның ашылу салтанатында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Елбасы бұл бастама аясында халықаралық ұйымдар жұмысына баса мән берді. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ пен Жібек жолы саясатының өзара үндестік тапқанын алға тартты. Мұндай пікірді Қытай Халық Республикасы мен Ресей Президенті де құптады.

Си Цзиньпиннің айтуынша, Қытай белдеу бойындағы елдердің инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға дайын. Бұл іс Шығыс пен Батыс аралығындағы байланысты жандандырып, сауда керуендеріне даңғыл жол ашады.

Ресей Президенті де әріптестерінің пікірін қуаттап, Қытай мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы еркін тауар айналымына қатысты тиісті келісім таяуда күшіне енеді деді.

Елбасының айтуынша, дүниежүзілік одақтар да интеграцияға бейім болуы қажет. Әсіресе, Еуропалық одақпен тиісті келісім орнаса, жағдай біраз оңала түспек.

Қытай Төрағасы ұсынған бастамалардың ішінде ең маңыздысы – ашықтық. Коммунистік көзқарасты ұстанатын мемлекет алдағы уақытта осы қағидамен жүруді жоспарлап отыр. Яғни, бұл елге инвестиция мен тауар тасымалын еркін жүзеге асыруға мүмкіндік тумақ.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:

-  Алда қыруар шаруа атқаруға шақырамын. Біздің ел шетелдік инвестицияларға кең мүмкіндік ұсынады. Зияткерлік жекеменшікті дамытуға, әсіресе шетелдіктеріне қатысты заң жүзіндегі тұрақтылықты сақтауға мүдделіміз. Сырт елдермен ашықтық да қамтамасыз етіледі. Біз жабық саясаттан толықтай бас тартамыз. Ұлттық валютамыз юаньды да қалыпты деңгейде ұстап тұруға тырысамыз.

Хабар 24 телеарнасы