384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан Президенті Атыраудағы бірқатар нысанды аралады

  • 210
  • UPD: 22:27, 03.06.2019

Жамбыл өңірінен кейін Мемлекет басшысы елдің батысына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысында орналасқан екі бірдей нысанды аралады.

Осыдан 15 жыл бұрын тозаңы ұшқан түз қиыр еді бұл маң. Соры шығып, кебірсіген еріндей кеуіп жататын. Ал қазір қат-қабат жердегі қазақ қазынасын байытатын алып атырапқа айналды. Іргетасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалаған. Қуатты кешенге «Болашақ» деген атауды да берді. Сол зауыттың осы күні қарқыны күшті. Жасалып жатқан толымды іспен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев танысты.

Зауыттың іске қосылғанына 3 жылға жуықтады. Қазір мұнда мұнай мен газ өңделеді. Шикізат Қашағаннан алынады. Мамандар көгілдір отыннан түйіршіктелген күкіртті де өндіретін болған. Өзге елдер оны көбіне дәрі-дәрмек жасауда қолданады.

Қазір зауытта 7 мыңға жетеғабыл жұмысшы бар. Кешен жылына 22 млн тоннадан аса мұнай өңдеуге қауқарлы. Экспортқа шикі күйінде шықпайды. Мамандар өңдейді, сұрыптайды. Содан кейін жөнелтеді. Ол үшін қажетті қондырғылар қойылған.

Қуанышкерек Мұхтаров, өндіріс зауытының директоры:

– Қарашығанақ технологиялық процестерін орындау үшін бізде 3 зауыт бар. Бірінші зауыт Каспий теңізінде орналасқан. Екіншісі – «Болашақ» зауыты. Үшінші зауыт түйіршіктелген күкірт шығарады.

Ауаны ластамау – маңызды міндет. Қоршаған ортаға зиянды заттардың бөлініп кетпеуін мұндағылар жіті қадағалайды. Жұмысшылардың қауіпсіздігі де басты назарда. 

Рүстем Әмірханов, зауыт қызметкері:

– «Болашақ» зауытында қауіпсіздік толықтай сақталған. Әр қызметкер оқытылған. Жеңілдетілген сары аймақта осындай масканы киеміз. Ал зауыттың аймағына кірген кезде біз ауа аламыз. Көмірсутегінің барын белгі береді. Сол кезде міндетті түрде ауа маскасын киюіміз керек.

Қара алтынның керектігі кеміген жоқ. Қазір мұндайдан мыңнан аса өнім түрін әзірлеуге болады. Сондықтан зауыт басшылығы өндіріс қуатын еселеуді көздеп отыр.

Қара алтынды қайта өңдейтін зауытта жұмыс істейтіндердің дені - жергілікті тұрғындар. Ауысыммен айлап келетіндері де бар. Өзге елдерге телміруші едік, қазір сондай мамандарды өзіміз дайындайтын болдық. Атырауда жас мұнайшыларды оқытатын орда осы. Жылына 800-ден аса түлек түлеп шығады.

Іргелі оқу ордасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барды. Президент колледж ұжымымен кездесті, онда жүзеге асып жатқан жаңа жобалармен танысты.

Колледж 2012 жылдың күзінде ашылған. Содан бері талай маманды дайындап үлгерді. Олардың көбі отандық мұнай-химия зауыттарында, кен орындары мен құрылыстарда қызмет етіп жүр. Білімгерлерге білікті ұстаздар дәріс береді.

Ермек Күзембаев, «Кәсіпқор» холдингі басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

– Қазақстанның барлық өңірлерінен студенттер оқып жатыр. Басқа аймақтардан келген студенттерді толық жатақханамен қапмтамасыз етіп отырмыз. Негізі 4 жатақхана бар, 485 орынға арналған.

Әсел Ермекова, арнайы пәндердің аға оқытушысы:

– Атырау өңірінде ең алдыңғы орында келе жатқан компанияларда жұмыс жасап жатқан түлектеріміз бар. Жеке компанияларда басшылық қызметте отырғандар да бар. Түлектеріміздің көбі осындай белгілі компанияларда қызмет атқарып жатыр.

Студенттер алысқа сабылмайды. Алған білімді осы жерде тәжірибемен ұштастырады. Колледжде жас мамандардың шеберліктерін шыңдауға арналған кабинеттер бар. Қажетті қондырғылар қойылған. Озық оқу ордасы болған соң, шеттен келіп оқитындар көп.

Әйгерім Салауатова, студент:

– Қазір судың тығыздығын анықтау үшін арнайы тәжірибе жасаймыз. Ол үшін бізге цилиндр және алюметр деген құрылғылар керек. Бірінші суды 100 мл дейін құямыз. Содан кейін мыңдық алюметрді саламыз. Калебания болғанша қараймыз. Дәл мыңды көрсетіп тұр.

Қыр асып кететін қара алтынға иек артып отыруға болмайды. Қойнауда бар қазынаны өзіміз игеріп, өңдей алсақ, ұтқан тұсымыз. Ал мемлекет кенді байытатын мамандарды әзірден әзірлеп жатыр. Президент өңдеу өнеркәсібіне басымдық беру арқылы ғана көш түзеуге болатынын айтты.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Жандос Битабаров, Асхат Әзіретханов

Хабар 24 телеарнасы