386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Н.Назарбаев пен В.Путин Мәскеудегі «Қазақстан» ұлттық павильонын аралады

  • 229
  • UPD: 22:21, 07.09.2019

Бүгін Мәскеуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путин Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі «Қазақстан» ұлттық павильонын аралады және Мәскеу күніне арналған мерекелік шараларға қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дархан Әбдуахит, тілші:

- Мәскеу қаласына 872 жыл. Қала күні Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Сондықтан негізгі іс-шаралардың дені осы жерде ұйымдастырылып жатыр. Әуелі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин Мәскеу қаласының 872 жылдығына арналған мерекелік концертті тамашалады. Іс-шарада қазақстандық мәдениет қайраткерлері де өнер көрсетті. Осылайша, Ресейдегі Қазақстанның мәдениет күндері бастау алды десек болады.

Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесін қайта қалпына келтіру ісін Ресей 2017 жылы қолға алды. Осылайша, 90-жылдардың тоқырауына тап келген әлемдегі алып кешенді жөндеу, аббаттандыру, тарихи павильондарды қалыпқа келтіру жұмыстары жанданды. Біздің елде бұл іске алғашқылардың бірі болып араласты. Міне, бүгін Елбасы мен Ресей президенті реставрациядан өткен «Қазақстан» павильонын аралап көрді.

Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің аумағындағы «Қазақстан» павильонының тарихы сонау 1937 жылдан басталады. Содан бері атауы сан мәрте ауысқанмен, кескін-келбеті көп өзгере қоймаған. Былтыр павильонды жөндеу жұмыстары басталды. Ақын Жамбыл Жабаев пен Социалистік Еңбек ері Шығанақ Берсиевтің 1963 жылы алынып тасталған ескерткіштері қайта орнатылды. Тарихи орындарына жайғасқан қос ескерткіштің түр-түсі де бәз қалпында – мүсіншілер ескі суреттерге қарап отырып, жарты жылдың ішінде жасап шыққан.

«Ал павильонның күмбезін қайта қалпына келтіру қиынға соқты», - дейді мамандар. Бұл жерде де мұрағатардағы суреттер мен бейнежазбалар негізге алынған. Сонымен қатар былтыр маусым айында тұтас көрменің нышандарының біріне айналған күмбездің сүмбісі қайта орнатылды. Салмағы 1,5 тонналық дүниені отыз метрлік биіктікке көтеріп қою оңай болмаған. Алайда қазір «Қазақстан» павильонының күмбезі алыстан менмұндалап, көздің жауын алады.

Тагир Фахрисламов, «Қазақстан» павильоны ішкі интерьерінің сәулетшісі:

- Жаңарған, жөнделген «Қазақстан» павильоны мазмұндық тұрғыдан да бүгін ерекшеленді. Ұлттық музейдің көрмесіне қойылған әрбір зат құнды. Құнды ғана емес, тамыры тереңге тартқан қазақтың тарихынан сыр шертеді. Мәселен, Сармат «Алтын адамының», Қыпшақ жауынгерінің қалпына келтірілген бейнесі, біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VI ғасырларға тиесілі тарихи заттар көпшіліктің қызуғушылығын тудырды. Көрмеге бас-аяғы отыздан астам бірегей жәдігер қойылған. Әрқайсының Ұлы даланың тарихы жайлы өз айтары бар.

Екі ел арасындағы байланыс достық пен сенімге негізделген. «Қазақстан» павильонында Елбасы Н.Назарбаев пен Ресей президенті В.Путин ортақ жобаларды қамтыған көрмені аралап көрді. Әсіресе ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың жай-жапсарын, оның ішінде Бәйтерек жобасының маңызын талқылады.

Ресейдегі Қазақстанның мәдениет күндеріне орайластырып, Алматы облысының шаруалары жәрмеңке өткізді. Он ауданнан келген ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруішлер мәскеуліктерге экологиялық таза өнім түрлерін ұсынды. Жеміс-жидек пен көкөністің бірнеше түрі, қымыз бен шұбат, бал мен жент, тіпті балқаймақты да жәрмеңкеден алуға болады.

Айта кетейік, екі ел арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа үкіметтер деңгейінде мән берілген, бекітілген өзара келісімдер соның айғағы.

Ресей Қазақстанның негізгі сауда әріптесі болып қала бермек. Былтыр екі жақты алыс-беріс 13%-ке өсті, 18 миллиард долларды еңсерді. Ал биылғы жарты жылдағы көрсеткіш те тәуір – 8,8 млрд доллар. Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдегі Қазақстан елшілігінде болды.

Айта кеткен жөн, 2017 жылы елшіліктің ғимараты толық жөндеуден өтіп, мұндағы қонақ үй бөлмелері жұмыс кабинеттеріне айналды. Жиналыстар мен келіссөздер жүргізетін орындар да көбейді. Бұдан бөлек дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығында тарихи музей ашылды, ал «Жерұйық» залына Елбасының өзі жазған кітаптар мен Елбасы туралы туындылар топтастырылған. Мұндағы кітаптардың көбіне жазушы Георгий Пряхин редакторлық жасаған.

Георгий Пряхин, «Художественная литература» баспасының бас редакторы:

- Жақында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразиялық интерграция идеясының» 25 жылдығына орайластырып жаңа кітап шығардық. Қазір бұл жинақты Мәскеу халықаралық кітап көрмесіне апарып қойдық. Таяуда тұсауын кесіп, көпшілікке таныстыратын боламыз. Маған Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жасампаздығы ерекше ұнайды. Бір ғана мысал: заман көшіне ілескен  елорда салудың өзі мемлекет тізгінін ұстаған көп басшы үшін үлкен үлгі деп санаймын.

Сонымен Ресейдегі Қазақстанның мәдениет күндері басталды. Алдағы бес күн бойы отандық майталмандар Мәскеу сахналарында өнер көрсетеді, тәжірибе алмасады.

Дархан Әбдуахит, тілші

Саяси, экономикалық және әлеуметтік бағытта ғана емес, мәдени байланыстарды да бекемдей түсуге екі ел бейілді. Аяқталған «Қазақстан» павильонын қалыпқа келтіру жұмыстары, басталған – Қазақстанның мәдениет күндері және осы айтулы іс-шаралармен қатар келген Қазақстанның Тұңғыш Президентінің сапары көп жайтты аңғартса керек.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Хасен Омарқұлов, Айдос Меделбеков, Айдос Ентебеков

 

Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге жұмыс сапары басталды

Елбасы Мәскеудегі Қазақстан Елшілігінде болды

Елбасы Мәскеу қаласы күніне арналған мерекелік шараларға қатысты

Хабар 24 телеарнасы