389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2025 жылы Қазақстанда биопакеттер түбегейлі қолданысқа енеді

  • 316
  • UPD: 11:36, 27.09.2019

Еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жаңа жүйені кезең-кезеңмен жүзеге асырмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әрине, алдымен пластик пакеттерден бас тарту қажет. Халық қайсысын таңдайды? Жалпы қоршаған ортаны жойылуы қиын қалдықтан осындай әдіспен құтқару мүмкін бе?

Еуропа бастаған игі қадам Қазақстанда жалғасты. Еліміз 2025 жылға қарай пластик пакеттерден мүлде бас тартпақ. Мұндағы мақсат – экологияны жойылуы қиын қалдықтан тазарту. Деректерге сай целлофан қапшықтар жер бетін ластап қоймай, жер астында да жарты ғасырға жуық шірімей жатады екен. Бұл жағдай экологтарды алаңдатуда. Олардың айтуынша, қатты қалдықтарды қайта өңдеуге көңіл бөлетін уақыт әлдеқашан жеткен.

Мұсағали Дуамбеков, эколог:

- Бізде бүгінде Қазақстан бойынша 5 млн тонна қатты қалдықтар жылда дүниеге келіп жатыр. 150 млн-дай қалдық полигондарда жатыр. Ол не көміліп жатқан жоқ не өңделіп жатқан жоқ. Ол шетелде болса, оны баяғыда өңдеп, одан биогаз алып, тыңайтқыш алып, белгілі бір пайда жасайтын еді. Бізде ашық-шашық. Далада от жанып жатыр. Бір жерде көмілген, бір жерде көмілмеген. Сондай жағдай.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен еліміздің экологиялық ұйымдар қауымдастығы бекіткен меморандумда Қазақстандағы полиэтилен пакеттерден бас тартудың жолдары көрсетілген. Оның негізінде қолданыстағы қалталарды ақшаға сату көзделіпті. Ал нарықтағы экоқапшықтарға тұрғындардың қашан үйренері белгісіз.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Елордадағы сауда орындарында экоқапшықтардың түр-түрі бар. Бағасы 1500-2000 теңге аралығында. Қымбат дейсіз бе? Онда 50 теңгеге мына биопакетті алуыңызға болады. Бірақ әзірге көпшілік үшін тегін полиэтилен пакеттер көрім боп тұр.

Елімізде биоқапшықтар шығаруға ден қойған кәсіпкерлер баршылық. Сөредегі отандық өнімдер туристердің көңілінен шығып-ақ жатыр. Ал полиэтилен пакеттерден бас тартуға қазақстандық тұтынушылар екіұдай пікірде.

Фиона (Англия):

- Біз супермаркетке барғанда экологиялық пакеттерді алуға тырысамыз. Халықтың санасына сіңген әдет бұл. Себебі, оның денсаулыққа зияны жоқ әрі экологияға пайдалы

Ғалия:

- Ұзақ жойылатын пакеттерге қарағанда биопакеттерді қолданған дұрыс деп ойлаймын. Кеңес дәуірінде де біз сондай экоқаптарды пайдаланғанымыз есімде.

Әрине, ыңғайлы. Бірақ келешекте мұндай пакеттерді де ақшаға сатып алуға тура келеді. Осы арқылы полиэтилен қаптарды қолдануды 30%-ке азайту көзделген. Ал министрлік 2025 жылға дейін бір рет қолданылатын пластик ыдыстардан да бас тартуға бекініп отыр.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы