389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев «Валдай» пікірталас алаңында қандай мәселелерді көтерді?

  • 256
  • UPD: 08:04, 04.10.2019

Әлемдік өндірістің 38 проценті Азияға тиесілі. Жер шарындағы кірісі көп компаниялардың жартысына жуығы да осы өңірде орналасқан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Валдай» пікірталас алаңында сөйлеген сөзінде осылай деді. Президент Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі отырыс халықаралық ұйымға айналу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ сары құрлықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын ұсынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей жеріне биыл екінші рет келді. Алғашқысы – сәуір айында жасалған ресми сапар. Ал бүгінгі себеп басқа. Ресей, Әзербайжан, Иордания, Филиппин басшыларымен пікір алысып, ой бөлісу. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары әлемдік қауымдастықпен байланысты нығайтуға деген ниетті аңғартса керек. Себебі, «Валдай» халықаралық пікірталас клубы 2004 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Оған жер жаһанға белгілі тұлғалар қатысып, қалыптасқан геосаяси ахуалды талқылайды. Сол арқылы тұтас бір аймақтың экономикалық жағдайына тікелей әсер етуі мүмкін.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– «Шығыс шапағаты: әлемдік саясат құрылымы». Биылғы форумның тақырыбы осындай. Ал ауқымды жиын өтетін алаң – Кавказ тауларының шыңы. Сочи олимпиадасы кезінде тау шаңғы спорты мен өзге де қажеттіліктер үшін қолданылған инфрақұрылым бүгінде «Валдай» пікірталас клубы өтетін орынға айналды. Дәл осы нүкте курорттық қаладан 1400, ал әлемдік теңіз деңгейінен 350 метр биіктікте орналасқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жер шара қонақтарының кең тыныс алып, алаңсыз демалуы үшін арнайы таңдалған.

«Валдай» пікірталас клубының биылғы ауқымы кең. 5 мемлекеттің басшысы мен 30-дан аса елден жиылған 140 сарапшы әлемдік саясаттағы Шығыс өркениетінің рөлін талқылайды. Бұған дейін тек Ресейдің ішкі мәселелері қаралып келген жиын осылайша құрлықтық маңызға ие болды.

Шараны ұйымдастырушы тарап Ресей Еуропа мен Азия аумағын алып жатса, Әзербайжан қос құрлықтың түйіскен тұсында орналасқан. Қазақстан – бұл арада Шығыс пен Батысты жалғайтын көпір. Әрі Орталық Азияның алыбы. Иорданияны Таяу Шығыстағы орнықты мемлекет десек, Филиппин – Оңтүстік-Шығыс Азияның ірі экономикасы. Тынық мұхитындағы шағын аралдардан құралған демесеңіз, халқының саны жағынан алпауыт.

Қазақ мәдениеті Шығыспен біте қайнасқан. Тарихи тамырластық сонау сақ дәуірінен басталып, Алтын орда заманында жалғасын тапты. Сондықтан әлемдік саясаттағы Шығыс өркениетінің рөлі арқау болған форумға Қазақстанның қатысуы кездейсоқтық емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Келер жылы жер шарындағы орта тап халқының жартысы Азияның өкілдері болады. Қазір әлемдік өндірістің 38 проценті сары құрлыққа тиесілі. Былтыр кірісі ең көп 500 компанияның 210-ы осы өңірден шықты. Азиялық кәсіпорындар – цифрлық технологиялар саласында көшбасшы. Сәйкесінше, құрлық елдері әлемдік жалпы ішкі өнім өсімінің 50 процентін қамтамасыз етуде.

Аймақта дамушы мемлекеттер үшін мүмкіндік көп. Қазақстан Азия мен Еуропа арасында транзиттік хабқа айналып, Қытайдың Жібек жолы саясатымен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын байланыстырды. Алдағы 6 жылда көлік-логистикалық әлеуетті одан әрі арттыруға 20 млрд доллар жұмсалмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шығыста текетірес нүктелері көп. Корей түбегі, Оңтүстік-Қытай теңізі, Кашмир, Ауғанстан, Йемен, Сирия, Палестина-Израиль аймағы және Иранға қатысты түйткілдер шешімін таппай отыр. Азияда шекараға қатысты ешқашан орнықты келісім жасалмаған. Осы ретте, құрлықтың бөлінуіне қарсы нақты формуланы ойлап табу қажет. Себебі біз қазір атымыз бір болғанымен, әр түрлі ойлап, әрекет ететін деңгейге жеттік. Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі отырыстың төрағалық міндетін қолға ала сала, көпжақты институттармен байланысты дамытуға кіріседі.

Азия аймағындағы өзекті мәселелердің бірі – тұщы су тапшылығы. Әсіресе, Орталық Азия елдерінің тұрақтылығына оның әсері мол. Себебі аймақ мемлекеттері тұшы суды халықаралық ресурс ретінде бірлесіп пайдалануы қажет. «Сондықтан алдағы уақытта Орталық Азияның іскерлік байланысы ілгерілейді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал Таяу Шығыс пен Ауғанстандағы жағдайды реттеу бастамалары жалғасын табады. Әсіресе, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі отырыстың толыққанды халықаралық ұйымға айналуына басымдық беріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қауіпсіздікке қатер төндіріп тұрған сын-қатерлерге қарсы кешенді шешімдер қабылданбаса, Азияның «экономикалық ғажайыбы» жоққа айналуы мүмкін. Ұжымдық әрекеттерге кіріспесек, «Азияның өсіп-өркендеу ғасыры» тоқтайды. Қауіпсіздіктің тиімді тәсілін ойлап табу Батыспен байланыссыз мүмкін емес. Осы мақсатта, Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары отырысы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының әріптестігін қалыптастыруды ұсынады.

Еліміз жер шарындағы бірде-бір мемлекетпен араздас емес. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен осы жайт анық аңғарылды. Ал мінберге көтерілген өзге мемлекет басшыларынан әлемдік қауымдастыққа бағытталған базына аз болмады. Мәселен, Әзербайжан басшысы Арменияға қарсы батыл мәлімдемелер жасап, жер аумағының тұтастығын қайта қалпына келтіруді талап етті. Ресей президенті әлемдегі бей-берекетсіздік оңалады деген сенімін білдірді.

Владимир Путин, Ресей федерациясының президенті:

– Әр мемлекет өзіне ғана қолайлы шешімдер қабылдайтын болды. Оның қаупі зор. Оған жол бермеу үшін жұмыс істей бермекпіз. Адамзат баласы үшін басқаша болуы мүмкін емес. Өзара қарым-қатынас қиын жағдайда қалпына келе бастаса да, ол өз жолымен дами береді деп ойлаймын.    

Президенттердің мәлімдемесі осылайша әлемдік қауымдастық үшін маңызды бастамаларға толы болды. Қазақстан тарапы Азия аймағын қауіп-қатерлерден қорғау жолдарын ұсынды. Ал сарапшылар әр мемлекеттің сыртқы саяси ұстанымдарымен танысты.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы