389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қоғамда мүгедек жандарға жанашырлық және көмек көрсету түсінігі басым болуы шарт

  • 268
  • UPD: 09:48, 05.10.2019

Алматыдағы әлеуметтік және мемлекеттік нысандардың 90 пайызы мүгедектерге бейімделген деген ресми мәлімет бар. Алайда бұл көрсеткішпен мүгедектердің өздері мүлдем келіспейді.

Қалада бұл бағытта атқарылар шаруа орасан. Алматыда өткен халықаралық форумда осы өзекті тақырып жан-жақты  талқыланды.

Бірінші санаттығы мүгедек Богдан Джебко қаладағы келеңсіз кедергілерге күнде кездеседі. Әсіресе оған аялдамада автобус тосу  тіпті қиын. Көп күкен қоғамдық көлік жүргізушісінің оны мінгізбей кеткенін көрдік. Оның айтуынша осындай жағдай ұдайы қайталанады.  

Аялдамадағы аянышты көрініс осымен аяқталмақ емес. Қол арбаға таңылған жандардың жан дүниесін кім түсінсін. Түсінетіндер олардың еркін қозғалысы үшін  арнайы жағдай  жасайды. Бірақ, олар дұрыс істелген бе? Мысалы, Түркісіб ауданындағы бір ғана көше бойын аралау барысында сауда нүктелерінің көбісінде пандустар еш талапқа сай емес.

- Енді қалай ойлайсыздар мына кісі бұған шыға ала ма?

- Шыға алмайды.  Бірақ жасалынады.

Тіпті дәріханаға кіру де қиын. Және осындай нысандар ауданда өте көп. Ал банк ғимаратына барар жол азапқа толы.

Богдан Джебко, Түрксіб ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер  жөніндегі  кеңесшісі:

- Бізде осындай нысандар көп. Ауданда 300 нысанға тексеріс жасадық. Басым бөлігі талапқа сай емес. Әсіресе кәсіпкерлік ғимараттарына кіре алмайсыз. Өйткені олар мүгедектер құқымен санаспайды. Қажетті құралдар мен пандустарды  орнатуға құлықсыз. 

Бұдан бөлек қалада жерасты жолдарындағы пандустар да талапқа сай келмейді. Ал оны қайта салу қаржылық шығын. Бұл жағдаймен күнде бетпе-бет келетін мүгедектердің өкпесі қара қазандай әрине. 

Ұлан Іңкәрбек, Қазақстан мүгедектер қоғамы басшысының орынбасары:

- Кейбіреулер бар бізді немқұрайлы тыңдап, «ей,бұлар не істейді дейсің» дейді да содан кейін жылдап біз қайтадан барған кезге дейін ол сол орнында тұра береді. Бұл әр адамның өзінің сана сезіміне байланысты. 

Бент-Анат Бейсебаева, қоғамдық бірлестік төрайымы:

- Инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін қоғамда жанашырлық пен мейірім көзқарасы басым болуы керек. Екіншіден, оған атқарушы билік тікелей араласуы қажет. Соңғы кезде Алматыда мүгедектер үшін біраз шаруа атқарылып жатқанын айта аламыз. Десе де, біткен  істегі кемшіліктерді емес, оларды болдырмауды ойлау керек.  

Жалпы  елімізде 700 мың мүмкіндігі шектеулі жан болса, соның 43 мыңы Алматыда тұрады. Қоларбаға таңылған жандар үшін қалада небәрі оншақты инватакси қызмет көрсетеді. Бұл жеткіліксіз. Ал аспалы көпірлер мен метродағы көтерме құралдарының көбі жұмыс істемейді. Осыдан мүгедектерге деген мүсіркеу мен олардың өміріне деген көзқарасты аңғаруға болады. Ал инклюзивті қоғамда ең алдымен жанашырлық пен көмек қолын созу түсінігі басым  болуы шарт. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы