388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркі кеңесінің халықаралық деңгейдегі беделі өсіп келеді – Н.Назарбаев

  • 287
  • UPD: 20:12, 15.10.2019

Елбасы Түркі әлемінің Жоғары орденімен марапатталды. Марапат Бакуде өткен Түркі кеңесінің отырысында салтанатты жағдайда тапсырылды. Келешекте Түркі кеңесі Түркітектес мемлекеттер ұйымы деп аталуы мүмкін.

Саммитте Нұрсұлтан Назарбаев Кеңестің атауын өзгерту мәселесін қарастыруды, сонымен қатар «Түркі келешегі - 2040» бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Әзербайжанда өткен алқалы басқосудың басты жаңалығы – Өзбекстанның мүшелікке өтуі. 

Дархан Әбдуахит, тілші:

- Түркі кеңесінің әрбір жиыны тарихи. Себебі байланысты бекемдеуге бел буған бауырлас елдер сөзден гөрі, іске берік. Нақты істің дәлелі көп. Көп бастаманың белортасында Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі айрықша. Сонау 1993 жылы ТҮРКСОЙ-ды құруға бастамашы болғанын тарқатып айтпай, бертіндегі - биыл он жыл толған «Нахчыван келісімінен» кейінгі кезеңді алғанның өзінде де, басы қайырылған шаруа жеткілікті.

Он жыл бұрын Түркі кеңесі құрылды. Осылайша ынтымақтың ырысы еселенді. Қазақтың кіндік қаласында Түркі академиясы ашылды. Ғалымдар тізе қосты. Оған халықаралық мәртебе берілді. Құрылымдарды құрудан бөлек, әрідегі Таулы Қарабах мәселесін, берідегі Ресей мен Түркия арасындағы шиеліністі шешуге Елбасы араласқаны белгілі. Биыл «Түркі әлемінің елдерін дамытуға қосқан үлесі үшін» деп сипатталып, Кеңестің құрметті төрағасы мәртебесі бекітілгенде – ең әуелі Нұрсұлтан Назарбаевтың осы игі бастамалары негізге алынды. Бүгін Елбасы Түркі әлемінің Жоғары орденімен марапатталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Жаңадан тағайындалған Түркі кеңесінің белсене қатысуы мүмкін. Елбасы ретінде келіп отырмын.

Бұл мәртебені тапсыру - Баку саммитінің негізгі жаңалықтарының бірі.

Әзербайжанға жолға шықпас бұрын Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған баспасөз мәслихатын өткізіп, тұтас түркінің бірлігін берік етудегі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөліне арнайы тоқталған болатын. Ал бүгінгі жиында мемлекет басшылары Елбасына өз құттықтауларын арнады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Мен мынандай бір жағдайды ескердім. Айрықша маңызға бірлік деген сөз соңғы әрпі басты мақсаты жақындастыру болды. Өте қуаныштымын.

Бүгін Өзбекстан Түркі кеңесінің толыққанды мүшесі атанды. Бұл Баку саммитінің ғана емес, түркі әлемі үшін жетістік деп бағалауға әбден болады. Осылайша Түркі кеңесінің аясы кеңейіп ғана қойған, бауырлас елдер арасындағы байланыс беки түсті. 

Түркі интеграциясы – үнемі Елбасының назарында. Бір ғана жайт, Нұрсұлтан Назарбаев осы уақытқа дейін мемлекет басшылары бас қосқан бірде бір жиынды қалт жіберген емес. Үнемі қатысады. Үнемі ұсынысын айтады. Сол ұсыныстардың ұтымды болғанын қазір уақыт өте келе аңғаруға болады. Ал бұл жолы Бакудегі Саммитке алғаш рет Қазақстанның Тұңғыш Президенті мәртебесінде қатысып, Құрметті төраға ретінде сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев тұтас түркінің болашағына қатысты мәселелерді қозғады. 

Бұл бағдарламаға Елбасы Түркінің бесігі саналатын Түркістан қаласын дамытуды енгізуді ұсынды. Бұл бір. Екіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев келешекте Кеңестің атауын өзгертуді қарастыру жөн деді. Түркі интеграциясының табысты болуы – тек біз үшін ғана емес, Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық маңызға ие мәселе деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Түрік тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің ұйым деңгейіне көтерілу болады деп санаймын. Түркі тектес мемлекеттер, тілдеріміз тамыры бір тегіміз түрік түрік мемлекеттері деп айтуға боалды.

Соңғы бір жыл шын мәнінде түркі әлемі үшін табысты. Былтыр Шолпан – Атада өткен басқосуда нақты жобалар белгіленген. Солар біртіндеп жүзеге асып жатыр.

Шағын және орта кәсіпорындарды дамыту. Биылғы саммитте осы тақырып қаузалды. Түркі Сауда-өнеркәсіп палатасы құрылды. Әлсін-әлсін бизнес форумдар өтіп тұрады. Түркі инвестициялық қорын құру бастамасы тағы бар. Оның бастапқы капиталы 700 млн доллар болады деп топшылайды сарапшылар.

Таир Миркишили, Әзербайжан парламентінің мүшесі:

- Он жылдың ішінде біздің өзара қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Мәселен Түркі кеңесіне мүше елдер шеңберінде қарайтын болсақ, Әзербайжан өзінің экспортын 7 есеге ұлғайтты. Өзара сауда айналымы үш есеге көбейді. Біздің әлеуетіміз мол.

Түркі әлемінің жалпы ішкі өнімі бір трлн долларды еңсереді. Айтарлықтай экономикалық әлеует. Тұрғындарының саны 150 млн адам. Кеңеске мүше мемлекеттер жыл сайын 260 млрд доллардың өнімін импорттайды екен. Сауда өнеркәсіп палатасының құрылуы, бизнесті бекемдеуге бағытталған бастамалар келешекте өзара алыс-берісті одан сайын жақсартуы тиіс. Мерейтолық межеге айтарлықтай жетістікпен жеткен елдер келешекте сол жетістіктерді тағы да еселей түсуге ынталы.

Ең бастысы әлеует үлкен. Тізе қоссақ, табысымыз еселеп артады. 21 ғасырдағы мүмкіндікті мүлт жібермей, толық пайдалану қажет екенін Елбасы бекер айтып отырған жоқ.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Айдос Меделбеков, Айдос Ентебеков

Хабар 24 телеарнасы