384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыртқы саясатта терроризмге қарсы күреске баса мән береміз – Қ.Тоқаев

  • 178
  • UPD: 22:46, 26.11.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде тіркелген дипломатиялық миссия жетекшілерімен кездесті. Басқосу Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы өз сөзінде 2019 жылдың еліміз үшін аса маңызды болғанын атап өтті. 

Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Бұл сөз тіркесін бүгін Ақордада өткен алқалы жиынға қарата айтуға болады. Мұнда әңгіме ауаны өтіп бара жатқан жылдың мән-маңызы және әлем мемлекеттерімен орнаған қарым-қатынас жайында өрбіді. Елордада 70 елшілік пен 30 халықаралық ұйым өкілдігі жұмыс істейді десек, бірқатары биыл дипломатиялық корпус нысандарын жаңартып үлгерді. Ал Алматыда Халықаралық ұйымдардың жаңа ғимараты ашылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміздегі дипломатиялық өкілдіктер алдағы уақытта да көбейе түседі деп үміттенеміз. Осы орайда Беларусь және Оңтүстік Корея елшіліктері жаңа ғимаратқа көшкенін атап өткім келеді. Елорда төріндегі жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Дипломатия саласында көп жыл еңбек еткендіктен бұл жұмыстың қаншалықты маңызды әрі жауапты екенін өте жақсы білемін. Мемлекеттеріміз арасындағы достық қатынастарды нығайтуға қосқан үлестеріңізді жоғары бағалаймын. 

Еліміз де алыс-жақын мемлекеттердегі дипломатиялық өкілдігін кеңейтті. Болгария, Латвия, Эстония, Сербия, Словакия, Португалия және Швейцария астаналарына тұрақты елші жіберді. «Екіншіден биыл Тұңғыш Президент тарихи шешім қабылдап, билікке басшылардың жаңа буыны келді» деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз елімізде теңгерімді саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асырамыз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше жетекші елдердің стандарттарына басымдық береміз. Үкімет осы мақсатқа жету жолында батыл әрі нық қадам жасайды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» Қазақстанның мемлекеттік жүйесінің негізгі нышандары. 

Президент дипломатиялық миссия басшыларына «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мақсат-міндеттерін де түсіндірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет азаматтардың тұрмыстық қажеттіліктеріне уақытылы көңіл бөлу үшін жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы ретінде қоғамдағы плюрализмді қолдап, оны ілгерілету мақсатында саяси партиялардың дамуына мүдделімін. Сондықтан қазіргі уақытта бейбіт шерулердің өткізілуін реттейтін заңнамалық нормалар қайта қаралуда. Біз барлық мемлекеттік органдардың есеп беруін арттыру үшін азаматтық институттардың рөлін күшейте түсеміз. 

Биыл еліміздің құқық қорғау саласында ауқымды реформа қолға алынды. Сот жүйесіне де өзгерістер енді. Саясатта ғана емес, экономикада соны серпін пайда болды. Президенттің айтуынша, алдағы 5 жылда өршіл әрі батыл мақсаттарға қол жеткізуіміз керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттік аппараттың саяси тұрақтылығы мен тиімділігін экономикалық өсімнен бөліп қарауға болмайды. Бұл бағытта бірқатар жетістіктер бар. 2019 жылдың 10 айында еліміздің жалпы ішкі өнімі 4,4 пайызға өсті. Doing Business-2020 рейтингінде Қазақстан 25-орында. Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде еліміз 55-орында тұр. Алдағы бес жыл ішінде халықаралық рейтингтегі позициямызды айтарлықтай жақсартуды жоспарлап отырмыз. 

Еліміз көпветорлы саясатты ұстанып, сан түрлі құрылымдарға мүшелік етуін жалғастыра береді. Биыл мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 74-сессиясына қатысып, сөз сөйлеуі соған дәлел. «Сыртқы саясатта жаһандық конфессияаралық келісімге, терроризмге қарсы күреске баса мән береміз» деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен сындарлы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Ресейге, Өзбекстанға, Қытайға ресми сапармен бардым. Келіссөздер өте нәтижелі өтті. Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, Еуразиялық экономикалық одақтың, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының саммиттеріне қатыстым. Жыл соңына дейін Қырғызстан мен Германияға сапарларым жоспарланып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 74-сессиясына қатысып, сөз сөйлеп, соның аясында бірқатар елдің басшыларымен келіссөздер жүргіздім. 

Сыртқы саясатта Ресей сынды одақтас елмен мақсат бір, мүдде ортақ. Бұл мемлекетпен барлық бағытта ынтымақтастық тереңдеуі тиіс. Қытай да осы тізімде. Біздің ел «Бір белдеу, бір жол» бастамасын қолдайды және осы жобаға белсенді түрде қатысады. Ал Орталық Азиядағы Өзбекстанмен ірі жобалар жүзеге асырылады. 

Анатолий Ничкасов, Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

- Қазақстан астанасы - халықаралық өзекті мәселелер талқыланып, шешімі табылатын алаңға айналды. Ал елдеріңіз бейбітшілік және интеграциялық бастамалардың генераторы десек болады. Сондай-ақ Президент мырза сіздің әлемдік саясаткерлермен кездесулеріңіз бен сапарларыңыз барлық тарапқа оң нәтиже бергенін атап өткім келеді. Жақында ғана Беларусь басшысымен жүрген келіссөздер осы сөзіме айғақ. 

Одақтас әрі серіктес елдермен екі жақты байланыс өз алдына, дүниежүзілік құрылымдармен ынтымақтастық тереңдейді. Осы ретте мемлекет басшысы елімізде Біріккен Ұлттар ұйымының орнықты даму орталығын ашу жөніндегі бастамасын еске салды. Себебі халықаралық қауымдастыққа қарата айтылған бұл ұсыныс қолдау тапса, Орталық Азия аймағындағы ықпалымыз арта түседі. 

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы