427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Асқар Мамин мен Татарстан президенті үш автомобиль жасау жобасын бастап берді

  • 234
  • UPD: 22:12, 27.09.2020

Премьер-министр Асқар Мамин мен Татарстан президенті Рустам Минниханов Қостанайда автомобиль жасау саласы бойынша 3 жобаны бастап берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тараптар Қазақстанда 261 млрд теңгелік инвестицияға бірлескен көлік жасауды іске асыру туралы келісімге келді. Енді Қостанай индустриялық аймағында «КамАЗ» шойын құймасын және жүк техникасының көпірлеріне арналған құрамдас бөлшектер өндіру зауыты және Қарағанды облысының Саран қаласында автомобиль шиналары өндірісі ашылады.

Қостанай қаласында шойын құймасын және жүк техникасын өндіру зауыттарының құрылысына арналған тас қою рәсіміне Премьер-министр Асқар Мамин, Ресей өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Александр Морозов, «КамАЗ» бен «АгромашхолдингKZ» компанияларының басшылары қатысты.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Бүгін біз индустриялық және экономикалық маңыздылығы үлкен жобалардың құрылысын бастап отырмыз. Ол жүк техникасына арналған компоненттер мен қоймаларды шығаратын ортақ өндірістер. Осындай жобаларды Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестіктің белсенді дамып, соның ішінде Қазақстан және Татарстан арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың қарқынды дамып жатқанын көрсетеді.

Бірлескен кәсіпорындардың жобалық қуаттылығы жылына 40 мың құйылған қосалқы бөлшектер мен жүк автомобильдерінің жетекші редукторын құрайды. Инвестицияның жалпы көлемі – 150,7 млрд теңге. Шектес салаларды ескере отырып, шамамен 1200 жаңа жұмыс орны құрылады. Жергілікті өнім деңгейі 60-70%-ке жетеді. Зауыт құрылысы 2023 жылы аяқталады.

Сергей Когогин, «КамАЗ» ЖАҚ бас директоры:

- Бүгінгі келісім бойынша Қазақстан жеріне тың әрі жаңа жобалар мен технологияларды көшіру жөнінде шештік. Жоба шеңберінде құймалардың жаңа түрін ұсынамыз. Арнайы мамандарды кешенді даярлау жағы да шешімін тауып жатқанына қуаныштымыз. Жаңа шойын құймалары бойынша бірінші кезекте жүк көліктерінің қозғалтқыштары мен белдіктеріне басымдық береміз. Аталған өнімдер Қазақстанда өндіріледі.

Іс-шара аясында автомобиль жасауда бірлескен жобаларды іске асыру бойынша 8 келісімге, оның ішінде көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасына компоненттерді өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге, инвестициялық келісімшарттарға, қаржы лизингі, ұзақ мерзімді жеткізу шарттарына, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және машина жасау үшін кадрларды даярлау мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жұмыс сапары барысында Асқар Мамин ресейлік «КамАЗ» және «Татнефть», өзбектің «UzAuto» компанияларының басшылығымен автомобиль жасау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту келешегін талқылады.

Авторы: Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы