427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Экс-банкир Жомарт Ертаев сотта кінәсін толық мойындады

  • 377
  • UPD: 15:04, 28.09.2020

Алматыда экс-банкир Жомарт Ертаевтың соты жалғасуда. Оған Bank RBK-ға тиесілі 144 миллиард теңгені заңсыз иемденді деген айып тағылған.

Тергеу мәліметі бойынша банкир бұл қаражатты 2011-2017 жылдардың аралығында жымқырған. Ертаевпен бірге тағы 36 адамның ісі қаралуда. Бүгін айыпталушылар сотта соңғы сөзін айтты.

Экс-банкир кінәсін мойындап отыр ма?

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Қазір тергеу изоляторында отырған экс-банкир Жомарт Ертаев өзінің кінәсін толық мойындап отыр. Істеген істері үшін қатты өкінетінін айтты. Бақыт ақшада емес екенін ұмытып, жаман жолға түстім дейді. Нәтижесінде бостандығым мен ақшамнан айырылып, абыройдан жұрдай болдым деді. 2,5 жарым жылдың ішінде көп ойланып, көп кітап оқыпты. Білетінімді түгел айтып, барымды бердім деп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Жомарт Ертаев қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталуда. Атап айтсақ, қылмысты ұйымдастыру, біреудің сеніп тапсырған мүлкін иемдену және қылмыстық жолмен алынған ірі көлемдегі ақшаны алу бар.

– Өзге айыпталушылар не дейді? Олардың пікірі қандай?

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Жалпы осы қылмыстық іс бойынша Ертаевтан бөлек тағы 36 адам айыпталуда. Бірақ барлығы тергеу изоляторында отырған жоқ. Олардың көпшілігі өздеріне тағылған айыппен келісіп отыр. Айыпталушылар соттан істің дұрыс қаралып, әділ шешім шығаруын сұрады. Тіпті Жомарт Ертаевтың өзі де соттан бостандығынан айырмауды өтінді. Тергеу изоляторында ар-ұятым қалпына келді, адал жолмен ақша табуға шамам жетеді дейді. Балаларымды аяққа тұрғызып, жәбірленуші тарапқа борышымды өтеп берсем, дейді. Бір жарым сағатқа созылған отырыстан кейін судья ақылдасу бөлмесіне шығып кетті. Қоғамдық резонанс тудырған істің соңғы нүктесі жақын арада қойылатын шығар.

Хабар 24 телеарнасы