365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкенттегі мектептердің бірінде шу шықты

  • 215
  • UPD: 22:16, 28.08.2018

Еріксіз еңбек. Жаңа оқу жылына санаулы күн қалғанда Шымкентегі білім ошағының бірінен шу шықты.

Себебі Сағира Нұрбекова есімді ұстаз «№64 Ж.Аймауытов атындағы мектеп гимназиясының мұғалімдері күрделі жөндеуден кейінгі тазалық жұмыстарына еріксіз тартылуда» деп, әлеуметтік желіде дабыл қақты. Ал бұл уәжбен мектеп ұжымындағы өзге қызметкерлер келіспейтіндігін айтады.

Бұл білім ұясы тәуелсіздікпен түйдей құрдас. Салынғалы бері күрделі жөндеу көрмеген. Енді араға 27 жыл салып жаңартылуда. Мектеп ашылған бірінші күннен ұстаз болып жұмыс істейтін Сағира Нұрбекова әріптестерінің еден жуып, парта сырлағанына қарсы. Айтуынша, мұғалімдерге бұл жұмыстарды істеуге директор тапсырма берген. Сызу мен бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі мектепті жинастырудан бас тартты. Себебі мұғалім мектепке білім беру үшін қажет.

Сағира Нұрбекова, №64 Ж.Аймауытов атындағы мектеп гимназиясының мұғалімі:

- Мұғалімдердің барлығын дәлізді жууға шығыңдар деді. Алдында кабинеттерде жуып тазалап жатқан тұғын ғой. Дәлізді жуыңдар деген соң мұғалімдер жуды. Қай заңда жазылыпты еден жусын мұғалім, сыр сырласын жаңағы құрылысшылардан кейінгі жұмысты мұғалім атқарсын деген. Мен жумаймын дедім.

Мектеп мұғалімдері болса әріптесінің сөзін жоққа шығарды. «Бізді ешкім қинап жұмысқа жеккен жоқ. Барлығымыз ақылдаса келе, көмектесуді ұйғардық» дейді ұстаздар.

Ұлбосын Жантөреева, №64 Ж.Аймауытов атындағы мектеп гимназиясының мұғалімі:

- Жұмысқа түскен соң жұмыс істеуіміз керек қой мектепте. Қайда жүресің енді сен? Кетпейсің ғой ақысыз демалыс алып. Сонымен осындай жұмыстарды бәріміз атсалысып істеп жатырмыз. Ол өзімізге керек. Жаңа оқу жылын өз мектебімізде бастағымыз келеді.

Жүсіпбек Аймауытов атындағы мектепті күрделі жөндеуге қала әкімдігі қазынадан 292 миллион теңге бөлген. Жөндеу жұмыстарын мойнына алған мердігер мекеме 25-тамызда барлық істі аяқтап тапсыруы тиіс болатын. Дегенмен білім ошағы ауласын асфальттау, суағар орнату секілді қосымша жұмыстар қолды байлады. Бұл сметалық жобада көрсетілмеген дейді мамандар.

Тойлыбай Тоқсанбаев, мердігер мекеме өкілі:

- 1-2 күн кешіктіріліп жатқан себебіміз, сыртық жұмыстар асфальттар бұлар бөлек жұмыстар болды. Соның себебінен кешегіп жатырмыз. Сыртқы жұмыстар 1-2 күнде бітеді. Ертең 29-күні кешке дейін бітіреміз деп отырмыз.

«Мердігерге тағар кінәм жоқ. Қайта айтарым алғыс» дейді мектеп директоры Зейнегүл Асылбекова. Ал Сағира Нұрбекованың «Мектеп басшысы еркінен тыс жұмыс істеуге міндеттеді» дегені тіпті шындықққа жанаспайды» дейді ол.

Зейнегүл Асылбекова, №64 Ж.Аймауытов атындағы мектеп гимназиясының директоры:

- Мен әріптесімнің пікірімен келіспеймін. Өйткені біздің тарапымыздан зорлап, осы мердігерлердің, жұмысшылардың жұмысын істетіп жатыр деген ол шындыққа жанаспайды. Себебі оның дәлелін өздеріңіз көріп отырсыздар.

Өз құқығын қорғауға шыққан мұғалімнің уәжі туралы білім саласын бақылау департаменті де хабардар. Бұл білім мекемесі. Егер жапа шеккен ұстаз арызданса алдағы уақытта зерделеніп тексеріледі екен.

Жанат Тәжиева, облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы:

- Оқушылардың мұғалімдердің еңбектерін заңсыз пайдалану бұл заң талаптарына әрине сәйкес келмейді. Дегенмен де бұл бағытта, көптеген жағдайда ата-аналардың ұстаздардың және оқушылардың өздерінің еріктерімен, ұстаздардың өзі кәсіподақ келісімі мен құрылыс жүріп жатқан жерлерге көмекке келіп жататын жағдайы болады. Бұл мәселе бойынша білім бақылау департаментінің тарапынан қадағалау жұмыстары жүргізіледі.

Қазір күрделі жөндеудің ішкі жұмыстары аяқталып, сыртқы қасбеттері жасалуда. Мердігер мен ұстаздың ең әуелгі мақсаты 1 қыркүйекте оқушыларды жаңарған ғимаратта қарсы алу.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Осы категория бойынша: « Елімізде «Академиялық адалдық лигасы» құрылды Елімізде бірқатар мамандықтың лицензиясы қайтарылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы