364,44 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысы Астанадағы №85 мектеп-лицейіне барды

  • 760
  • UPD: 20:12, 01.09.2018

Бүгін еліміздегі 7 мыңнан астам мектепте алғашқы қоңырау соғылып, білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған балалар тәлімді ұстаздардан сабақ алуын бастады.

Сөйтіп таңертең Қазақстандағы 110 білім ошағы есігін айқара ашты. Солардың бірі Астанадағы №85 орта мектепке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барды.

Тарыдай болғанмен, талаптары таудай балғын шәкірттер осы күнге дейін оқып-тоқығандарын Елбасыға мақтанышпен көрсетіп жатыр. Техниканың тілін бәрі де меңгерген. Бірі роботты бағындырса, енді бірі – жастайынан ағаштан түйін түйген шебер. Президент жаңа оқу ордасын аралап, бастауыш сынып оқушыларымен кездесті.

1200 орынға шақталған бұл білім ошағының құрылысын Катар мемлекеті қаржыландырған. Бүгін мұнда 500-ден астам оқушы мектеп кемесіне мініп, білім мұхитына құлаш ұрды.

Халифа Жассим әл-Кувари, Катар инвестициялық қорының бас директоры:

– Біз Шейх Эмирдің тапсырмасымен бұл мектептің құрылысын қаржыландырдық. Бұл жоба – Қазақстан мен Катардың тығыз байланысының айқын дәлелі. Біздің елде білім беру саласын дамытуға баса назар аударылады. Сондықтан біз осы оқу ордасының бой көтеруіне қуана демеу көрсеттік.

Бүгін еліміздегі 7 мыңнан астам мектепте алғашқы қоңырау соғылды. 350 мың бала білім ұясының табалдырығын бірінші рет аттады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Білім күнін атап отырмыз. Қазір Астанадағы 1200 орындық мектептің ашылуына келіп отырмыз. Менің сұрауым бойынша Катар әмірінің сыйлығы. Астанада мектеп жетпейді, қанша салсақ та. Бүгін Қазақстанның 7 мың мектебіне 3 млн-нан астам бала келді. Оның ішінде мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған балалардың саны – 350 мың. Тек қана Астананың өзінде – 18 мың. 23 жаңа мектеп іске қосылды бірінші қыркүйектен бастап. Ал салынып жатқан мектептердің саны 180-нен артық. Балалар көбейіп, мектептің жетіспей жатқаны бір жағынан жақсы, екінші жағынан ол шешілуі тиіс нәрсе. Білімге барынша көңіл бөліп жатқан елміз. Елдің болашағы білімде, ғылымда. Жаңа технологияға оқытуды мектептен бастап бейімдеу қажет. Ол үшін тиісті мұғалімдер керек. Ұстаздардың мойнына артылатын міндет өсіп келеді. Сол үшін мұғалімдерді қолдап, қазірден бастап жаңа білімнің саласын игерген мұғалімдер – білімін көрсеткен мұғалімдер. Жалақысы 30-50 пайызға көбейетін болады. Осылай мектептердің, балалардың, мұғалімдердің жағдайларын қарап, жалпы білім беру мәселесін көтеруге жұмыс істеп жатырмыз.

Ала жаздай алаңсыз аунап, ойын қуған 3 млн оқушы партаға қайта жайғасып, жаздағы әсерлерімен, көрген қызықтарымен бөлісіп жатыр.

Авторлары: Ж.Біркенов, Ж.Битабаров

 

Осы категория бойынша: « 1 қыркүйек – Білім күні Ақтауда алғаш рет смарт-мектеп ашылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы