378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайда мектеп асханасының мәзірімен интернеттен танысуға болады

  • 365
  • UPD: 13:42, 25.02.2019

Қостанайлық мектеп асханалары цифрлық жүйеге көшіп жатыр. Бұдан былай «Электронды ас мәзірінің» көмегімен оқушылар не жеп, не ішетіндерін өздері таңдайды. Арнайы бағдарламаға смартфон, компьютер арқылы кіріп, асхананың бір аптаға дейінгі ас мәзірімен танысуға болады. Жаңа жобаның тағы қандай тиімді тұстары бар?

Досбол Мысыр бүгін мектеп асханасынан не жеп, не ішетінін алдын ала хабардар. Ол смартфон арқылы түскі асқа тапсырыс жасап қойған. Айтуынша, «электронды ас мәзірінде» тағамдарға таңдау кең.

Досбол Мысыр, дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы:

- Интернатта жататын болғандықтан қолымда телефоным бар болса, сонымен кіріп ертең болатын тағамдарға тапсырыс бере аламын. Ас мәзірі жүйесі арқылы қарным қазір тоқ, уайым жоқ.

Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында «электронды ас мәзірі» ақпан айынан бері қолданысқа енгізілді. Бағдарлама қай уақытта  қандай тағам түрлеріне сұраныс жиі жасалатыны жайлы мәліметті береді. Бұл жүйе ысырапсыз жұмыс істеу үшін аса қажет, дейді білім ордасындағылар.  

Ырысалды Келінбердиева, дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры:

- Бұған дейін біз екі апталық меню жасап бүкіл бала толық бір менюмен тамақтанатын болса, енді бірнеше меню бойынша таңдау бердік. Мысалы, бір бала балықты ұнатпауы мүмкін, біреуі етті ұнатпайды дегендей. Сол себепті балалардың  таңдауы бойынша әр бейсенбі сайын бізде оқушылар ас мәзірін электронды түрде таңдайды.

Жаңашылдыққа сәйкес мектептегі аспаздар саны да артып отыр. Бұл оқушылардың  уақытылы, әрі кезексіз ауқаттануы үшін жасалған.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Электронды ас мәзірі жүйесінде оқушыларға 3 түрлі мәзір ұсынылған. Олардың әрқайсысы асханада белгілі бір түспен белгіленген. Ақ, қызғылт және күлгін түсті. Қазір мына қызғылт түсті орындықта қандай тағам түрлері ұсынылған бұл туралы оқушылардың өздерінен сұрап білсек.

Аяулым Иманбаева, дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы:

Мен бірінші мәзір бойынша тамақтанамын. Мұнда картоп қосылған суп, қарақұмық пен балық береді және орамжапырақты салат.

Бір жағынан ата-аналарға да ыңғайлы. Олар баласының қолына ақша ұстатпай-ақ, үйде отырып қаншалықты толыққанды тамақтанғанын біліп отырады.

Жазира Ахметова, ата-ана:

- Күнделікті ас мәзірін біз үйде отырып қадағалап отырамыз. Балаларымыз өздері таңдайды. Сондықтан біз ата-аналар ризамыз.

«Электронды ас мәзірі» жергілікті IT (ай-ти) мамандарының күшімен әзірленді. Осындай тектес жүйені қостанайлықтардан бөлек астаналық оқушылар да белсенді игеруде.    

Аман Сейітов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Жобаны әзірлеуге 2-3 айдай уақыт жұмсалды. Бағдарламаны біздің ақпараттандыру орталығының мамандары ойлап тапса, жергілікті салалық колледждің студенттері мәзірді әзірлеуге атсалысты.

Алдағы уақытта «электронды ас мәзірі» Қостанайдағы тағы екі оқу ордасында енгізіледі. Егер өміршеңдігін дәлелдесе, кезең-кезеңімен Рудный, Лисаков қалаларының мектептерінде де қолжетімді болады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы