389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақ-армян серіктестігі нығая түседі

  • 335
  • UPD: 18:45, 14.09.2019

Қазақстан мен Армения жаңа бірлескен жобаларды қолға алып, серіктестікті одан әрі нығайтады. Еліміздің Вице-премьері Бердібек Сапарбаевтың Арменияға жұмыс сапары барысында осындай уағдаластыққа қол жетті.

Армениялық әріптесі Тигран Авинянмен болған  кездесуде әсіресе екі елдің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастығын тереңдету жайы пысықталды. 

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың жұмыс сапары Ежелгі қолжазбаларды сақтау қорын көруден басталды. Қазақстан делегациясы көптеген құнды жәдігерлер арасынан армян-қыпшақ көне жазбаларымен танысты. Тарихшылар Матендарана қорындағы 16-17-ғасыр қолжазбаларын зерттеудің маңыздылығын айтады.

Үмітхан Мұңалбаева, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысы:

- Армяндар мен қазақтардың тарихи байланысы терең. Біз мұрамызды жастарымызға жеткізуіміз керек. Ол үшін армян-қыпшақ қолжазбаларын зерттеу ұлттық орталығын ашу қажет. Осы жәдігерлердің арқасында біз шын тарихымызды зерттеп, қалпына келтіре аламыз.

Шалғайдағы ауыл тұрғындарын инновациялық білімге қалай тартуға болады? Армения балалар қорында тараптар осындай тәжірибемен алмасты. Жоба тоқырап қалған ауылдардағы жастардың жоғарғы оқу орындарына түсіп, тұрғындардың кәсіп ашуына көмектесуге бағытталған. Қазақстан делегациясы Ереван мемлекеттік университетінде Қазақ тілі мен тарихын зерттеу орталығында да болды. 

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Біздің елде 30 мыңға жуық армян тұрады, 18 армян мәдени орталығы жұмыс істейді. Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Сондықтан олардың тату-тәтті өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Барлығыңызға осында келіп, қазақ тілін үйреніп жатқандарыңызға алғысымды білдіремін. 

Қазір Жоғары оқу орынының түріктанушылары қазақ жазушыларының шығармалар жинағын баспаға дайындап жатыр. Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаев және өзге де танымал жазушы ақындардың туындылары армян тілінде алғаш рет жарық көреді. Жоба Ереван және Еуразиялық университеттің әріптестігі аясында жүзеге асады. Ал алдағы уақытта Қазақстанда креативті технологияларды зерттеу орталығы  ашылады. Бұл білім беру жобасы. Оның бөлімдері Парижде, Бейрутте және Мәскеуде бар.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Бүгін біз Премьер-министрдің орынбасары бастаған делегациямен арнайы іс-сапармен осында келдік. Бұл сапардың басты мақсаты - білім саласында тәжірибе алмасу. Мысалы қазір біз келіп отырған өте қызықты заманға сай жастарға арналған қосымша оқу ұйымы. Жалпы біздің ойымыз Нұр-Слтан қаласында осындай орталықты ашу. Премьер-министрдің осындай тапсырмасы бар. Онда 5 мыңға жуық бала оқи алады. 

Қазақстан делегациясы Еревандағы инновациялық медицина орталығына да барды. Емхана медициналық туризмді жақсы жолға қоя білген. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен 77 мың адам келіп демалып емделген. Армениялық дәрігерлер қазақстандық әріптестерін тәжірибе алмасып, озық технологиямен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Авторлары: Лаура Жусупбекова, Тигран Галстян

Хабар 24 телеарнасы