389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде 100 мыңға жуық бала өлкетанумен айналысады

  • 233
  • UPD: 10:35, 20.09.2019

Қазақстанда 100 мыңға жуық бала өлкетанумен айналысады. Бұл туралы Бурабайда өткен «Менің Отаным – Қазақстан» туристік экспедициялық жасақтарының республикалық жиынында айтылды.

Слет еліміздің барлық аймақтарынан жиналған 160 баланың басын қосты. Олар өз өңірлерінде өлкетану, туризм, экология бағыттары бойынша үздік жұмыс атқарған оқушылар. Мұнда да балалар, өз өнерлерін ортаға салып, туған жерлерін көпшілікке жан-жақты таныстырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар, жастардың бойында патриоттық сезімнің күшейіп, Қазақ жерінің тарихы мен табиғатын терең танып білуге мүмкіндік береді. Ал ең басты мақсат – балалардың пайдалы іспен айналысуын қамтамасыз ету. Дегенмен, елімізде қазір мектеп оқушыларының тек 3 процентке жуығы ғана өлкетану жұмыстарына тартылған. Республика бойынша 40 шақты балалар туризмінің орталығы бар. Ал кейбір облыстарда ондай ұйымдар атымен жоқ.

Раиса Шер, ҚР БҒМ республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры:

- Мәселен, біз қазір мемлекеттік табиғи парктің аумағында тұрмыз. Ал мұнда кіру үшін адам басына 200 теңгеден астам ақша төлейміз. Балаларға жеңілдік жасауға болар еді ғой. Одан бөлек, өлкетанумен айналысатын ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нашар. Арнайы киім тіктіру де оңай емес. Маман тапшылығы да бар. Міне осы мәселелердің барлығын әріптестерімізбен бірге талқылап жатырмыз. 

Айым Түйтенова, қатысушы /Шығыс Қазақстан облысы/:

- Біз Шығыс Қазақстан облысы Барадулиха ауданы Камышенка ауылынан келіп отырмыз. Біздің ауылымыздың табиғаты өте әсем. Ауылымыздың маңында қарағайлы орман бар. Жақында біз «Бірге. Таза Қазақстан» акциясына қатысып, орманымыздың әсем табиғатын тазаладық. Біздің ауылымызда өлкетану мұражайы бар. Бұл мұражайға біз үнемі барып тұрамыз және де ауылымыздың тарихы мен ауылымыздан атақты тұрғындарымен үнемі танысып отырамыз.

Хабар 24 телеарнасы